Отандық ғылым мен жоғары білімді цифрландыру процесі қалай жүріп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — Елімізде жоғары білім беру және ғылым саласын цифрландыру мақсатында бірыңғай платформа іске қосылды. Бұл бағыттағы жұмыс туралы толығырақ Ғылым және жоғары білім министрлігінің цифрландыру және мемлекеттік қызмет көрсету департаментінің директоры Нұрсұлтан Махатов айтып берді. 

Отандық ғылым мен жоғары білімді цифрландыру процесі қалай жүріп жатыр
Фото: ҚР Цифрлық даму министрлігі

— Былтыр жоғары білім саласын ашық, қолжетімді әрі сапалы деңгейге көшіру үшін үлкен қадам жасалды. Жоғары білім берудің бірыңғай платформасы іске қосылды. Бұл тек процестерді автоматтандыру құралы ғана емес — 2,6 миллион пайдаланушы мен мыңдаған білім беру бағдарламасын және мемлекеттік жүйелермен біріктірілген ауқымды цифрлық экожүйе, — деді Нұрсұлтан Махатов орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Аталған платформа министрлік қызметіне қатысты ақпаратты жинау, сақтау, өңдеу және ұсыну үшін құрылған. 

Жүйенің негізгі міндеті мен қызметі:

• Белгіленген кезеңде және заңда көрсетілген мерзімде жоғары білім беру саласына мониторингі жүргізу үшін есепті қалыптастыру;

• Білім беру бағдарламаларының тізілімін жүргізу;

• Жоғары білім беру саласындағы мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру;

• Платформада сақталатын деректер негізінде стипендия төлеу;

• Барлық жоғары оқу орнының ақпараттық жүйесін мемлекеттік ақпараттық жүйелермен интеграциялау.

Қазір платформада 700 мыңға жуық студент, 44 мыңнан астам оқытушылар және 2,6 млн-нан астам түлек туралы мәлімет бар. Өткен жылы платформада 154 мыңнан астам диплом тіркелді. Сонымен қатар платформа арқылы 202 мыңнан астам студент стипендия алады, биыл қаңтарда шамамен 13,4 млрд теңге төленді.

Одан бөлек, 5 мемлекеттік қызмет электрондық форматта көрсетіледі, сондай-ақ, платформада 104 жоғары оқу орнының паспорты бар. Қазір платформада 8394 білім беру бағдарламаларының деректері бар. 

— Еліміздегі барлық жоғары оқу орындарының LMS (оқытуды басқару жүйелері) және SDU, eGov, халыққа қызмет көрсету, Астана Хаб, жеке тұлғалардың мемлекеттік деректер қоры, enbek.kz, сияқты 20-дан астам мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерімен интеграция жүргізілді, — дейді спикер.

Одан әрі Ғылым және жоғары білім министрлігінің өкілі платформадағы жаңа модульдерге тоқталды: 

— «Білім туралы құжаттардың нөмірлерін генерациялау» модулі;

— «Статистика» модулі;

— «Мәліметтер» модулінде білім алушылар, түлектер және жоғары оқу орындарының профессорлық-оқытушылық құрамы туралы ақпарат бар;

— «Мемлекеттік қызметтер» модулі шеңберінде 5 мемлекеттік қызмет көрсету автоматтандырылған, оның 2-і проактивті форматта көрсетіледі;

— «Стипендияларды қаржыландыру» модулі жоғары оқу орындарының білім алушыларына цифрлық деректер негізінде стипендиялар төлеуге арналған. Платформа арқылы стипендияның ашықтығы мен уақтылы төленуі қамтылады;

— «Тәуекелдерді басқару жүйесі» модулі Smart Data Ukimet ақпараттық-талдау жүйесімен интеграциялау арқылы іске асырылды. Тәуекел дәрежесін бағалаудың бекітілген критерийлері мемлекеттік бақылауды жүргізу үшін адами фактордың қатысуынсыз бақылау субъектілерінің тізімдерін автоматтандырылған түрде қалыптастыруға мүмкіндік береді;

— «ЖОО паспорты» модулі құрылымы, студенттер саны, оқу бағдарламалары және инфрақұрылым туралы ақпаратты қоса алғанда, ЖОО туралы негізгі деректерді жинауды және жаңартуды автоматтандырады. Талдау және шешім қабылдау үшін деректердің өзектілігі мен қол жетімділігін қамтамасыз етеді;

— Платформада «eGov-mobile» қосымшасымен біріктірілген «Цифрлық құжаттар» сервисі бар, бұл пайдаланушыларға дипломы мен студенттік билетін цифрлық форматта қол жеткізуге мүмкіндік береді. Платформада 2,6 миллион диплом туралы ақпарат қамтылған.

— «Egov-mobile» қосымшасы арқылы дипломды цифрлық форматта сақтайды және пайдалана алады, енді дипломның қағаз ұсынудың қажеті жоқ, сондай-ақ жұмыс берушіге құжаттың түпнұсқалығын тексеру процесін жеңілдетеді;

— «Стипендияны қаржыландыру» модулі бойынша, платформа студенттердің деректерін жинауды және талдауды автоматтандырды, стипендияға өтініштер мен құжаттарды беруді жеңілдетеді. Бұл процесті жылдамдатады және қателіктер қаупін азайтады;

— Жоғары оқу орындары ұсынған барлық дерек Ұлттық тестілеу орталығы, Жеке тұлғалар мемлекеттік деректер қоры, Балаларды қорғау комитеті мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің интеграцияланған жүйелері арқылы салыстырудан өтеді. Платформа студенттерге қатысты деректі нақты уақыт режимінде сақтауға және жаңартуға мүмкіндік береді.

— Бұл студенттердің оқу үлгерімі және басқа параметрлері туралы ақпараттың әрқашан өзекті болуын қамтамасыз етеді. Қорыта келгенде платформада 8 модуль әзірленді, 22 интеграция іске асырылды, 2,6 млн диплом цифрлық құжаттарға шығарылды және 5 мемлекеттік қызмет автоматтандырылды, — деді Нұрсұлтан Махатов брифинг барысында. 

Цифрлық ғылым қалай дамып жатыр 

— Цифрлық трансформациялау стратегиясын іске асыру шеңберінде озық цифрлық технологияларды пайдалана отырып, ғылыми процестерді жаңғыртуға бағытталған маңызды бастамалар жүргізілуде. Министрлік ғылымның цифрлық экожүйесін құруға, талдамалық деректерді жинау және елдегі ғылымды басқарудың тиімділігін арттыруға мүмкіндік беретін ұлттық ғылыми-талдамалық жүйе жасауды қолға алды, — деді Ғылым және жоғары білім министрлігінің цифрландыру және мемлекеттік қызмет көрсету департаментінің директоры Нұрсұлтан Махатов.

Оның айтуынша, ғылымның цифрлық экожүйесі — деректерді жинау, сақтауды автоматтандыру, ғылыми және ғылыми-техникалық ақпаратты тиімді іздеу мен табуды қамтамасыз ету құралы, яғни цифрлық ғылыми портал.

— Ғылымды дамытудың басым бағыттарын бекітуден бастап ғылыми жобаларды іске асыруға қаржы бөлуге дейін қаржыландырудың конкурстық рәсімдерінің негізгі процестерін жүзеге асыратын «Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығы» автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің функционалы кеңейтілді және жаңғыртылды. Ғылыми жарияланымдарды бағалау және талдау үшін қазақстандық ғылыми дәйексөз индексі жұмыс істейді. Бұл ғылымдағы экожүйенің өзегі және ғылыми қоғамдастық қызметінің негізгі көзі, — дейді ол.

Министрлік өкілі ұсынған мәліметке сүйенсек, ғылымның экожүйесін құру бойынша атқарылған жұмыс аясында 8 жаңа модуль әзірленді, оның ішінде автоматтандырылған 2 мемлекеттік қызмет бар. Сол сияқты ұжымдық пайдалану зертханаларын үйлестіру үшін e-labs модулінде 351 ғылыми зертхана және 1288 бірлік жабдық бойынша дерек бар. Одан бөлек мемлекеттік ақпараттық жүйелермен, сондай-ақ Web of Science және Scopus халықаралық ғылыми базаларды қоса алғанда 12-ге жуық интеграция іске асырылды.

— Биыл ғылыми-техникалық тапсырманы автоматты түрде жинау мен іріктеуді іске асыра отырып «Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығы» ААЖ-дың жаңа нұсқасын әзірлеп, іске қосуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар шетелдік сарапшылармен шарттарды электрондық форматқа ауыстыру да жоспарда бар. Сондай-ақ ғылым саласына қатысты барлық тарихи деректі, яғни ғылыми-зерттеу институттар, ғалымдар, мемлекеттік сыйлық иегерлері туралы ақпарат, аккредиттелген ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет субъектілерінің тізілімін енгізу жоспарлануда. Ғылыми-зерттеу, ғылыми-техникалық және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қаржыландыруды жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушылардың тізілімін цифрландыру қажет, — деп толықтырды цифрландыру және мемлекеттік қызмет көрсету департаментінің басшысы Н. Махатов.

Айта кетейік, бүгінде еліміз Google, Huawei, NVIDIA секілді халықаралық алпауыт компаниялармен ынтымақтастық орнатып жоғары білім саласында бірлесіп жұмыс істеп жатыр. 

Соңғы жаңалықтар