Отандық кәсіпорындарға 25 түрлі шикізатты жеңілдікпен сатып алуға мүмкіндік берілді

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық қайта өңдеу кәсіпорындары мыс, алюминий, қорғасын, мырыш және прокат сияқты 25 түрлі жергілікті шикізатты жеңілдікпен сатып ала алады.

алюминий
Фото: freepik.com

Үкіметтің баспасөз қызметінің мәліметінше, кәсіпорындарға бұл шикізатты әлемдік биржаларда белгіленген бағадан 5%-ға дейін төмен, ал экспорттық бағадан 50%-ға дейінгі жеңілдікпен сатып алу мүмкіндігі берілді.

— Нәтижесінде еліміздегі қайта өңдеу қарқыны артқан. Бастапқы алюминийді тұтыну 35%-ға өсіп, 77,7 мың тоннаға жетті. Мырышты тұтыну 45%-ға өсіп, 2,6 мың тоннаны құрады. Катодты мысты тұтыну 10%-ға артып, 20,4 мың тоннаға жетті, — делінген хабарламада.

Сонымен қатар қазақстандық тауар өндірушілердің тізілімі іске қосылып, өндірістік қуаттарды цифрлық верификациялау арқылы 6 946 жұмыс істеп тұрған кәсіпорынның мәртебесі расталды. 1,1 мыңнан астам жалған жеткізуші тізілімнен шығарылды.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстан шикізатты өңдеуге бет бұрғанын жазғанбыз.