Отандық өнім бәсекеге лайықты болуы керек - Қ.Көшербаев
Мәжілістің ашылуында аймақ басшысы әлемдегі көлеңкелі экономика біздің өңірге де қатысты екендігін атап өтті.
«Бұл мәселе барлық елді алаңдатып отыр. Көрші Ресей енді экспорт көлемін арттыратыны сөзсіз. Сондықтан отандық өнім бәсекеге лайықты болуы керек. Осы мәселеге бүгіннен бастап назар аударуымыз қажет», - деді өңір басшысы.
Әлемдегі көлеңкелі экономиканың көрсеткіштерін облыс әкімінің орынбасары Н.Годунова жіпке тізіп берді. Оның айтуынша, қазіргі таңда әлемде жаһандану, интернационализация, аймақтандыру және интеграциялау, ғылыми зерттеу және тәжірибелік конструкторлық жұмыстарға инвестиция салу көлемін арттыру қажет. Сондай-ақ, трансұлттық компаниялардың рөлін арттыру, өзара есептесу валютасын доллардан басқа валютаға көшу яғни, дедолларизация және еңбектің салаларының бөлінуі секілді құбылыстар кең таралуда. Мысалы, трансшекаралық компаниялардың рөлін арттыруына орай Wаlmart Stores, Samsung сияқты ірі кәсіпорындардың сату көлемі кейбір мемлекеттердің жылдық бюджетіне тең.
Қызылорда облысы салық департаменті бастығы Әлібек Тілегенов шағын және орта бизнесті заңдастыру талаптары бойынша бірқатар шараларды қолдану қажеттігіне тоқталды. Атап айтқанда, 1 сәуірден бастап 1 шілдеге дейін аймақта қаржылық мәдениетті қалыптастыруға, кәсіпкерлердің салықты уақытылы төлеуін түсіндіру мақсатында акция ұйымдастырылады. Өткен жылы өткізілген осындай шаралардың нәтижесінде тайқазанға түсетін қаржы 102 млрд. теңгеге артқан. Қазіргі таңда облыста 43 мыңнан астам шағын және орта бизнес өкілдері тіркелген.