Отардағы әскери бөлімде сарбаз соққыға жығылып, жағы сынған

АСТАНА. KAZINFORM – Борышын өтеп жүрген қатардағы жауынгер сержанттан әлімжеттік көрген. Бұл жөнінде зардап шеккен сарбаздың туыстары видео түсіріп, әлеуметтік желіге жариялады.

сарбаз
Фото: Kazinform

Жарақат алған әскери қызметшінің әпкесі таратқан ақпаратқа сенсек, сарбазды сержант темірмен ұрған. Салдарынан жағы сынған. Содан соң, оны Алматыға апарып, ауруханада ота жасатқызған. Алайда күрделі отадан кейін ем-дом қабылдауға мүмкіндік берудің орнына қайтадан Отарға апарып, рота командирінің үйінде ұстапты.

Онда медициналық және санитарлық күтім болмаған. Бірнеше күн байланысқа шықпаған сарбазды туыстары Отарға іздеп барғанда, осындай жайттардың бетін ашқан.

– Тексеру барысында дәрігерлер інімнің жағына ота дұрыс жасалмағанын анықтады. Сол себепті, оны Алматыдағы әскери госпитальге жіберді. Қазір сонда ем қабылдап жатыр, – деп жазды сарбаздың әпкесі әлеуметтік желіде.

Туыстары түсірген видеода зардап шеккен сарбаз өзін соққыға жыққан сержанттың атын да атайды. Біз бұл сержантқа хабарластық.

– Аталған сарбаз таратқан ақпарат жалған. Мен оны ұрмадым, соқпадым. Ол күні демалыста едім. Жұмысқа шықпадым. Әріптестерімнің арасында куәгерлер бар, жұмыста болмағанымды дәлелдей аламын. Зардап шеккен сарбаз өзі секілді жауынгермен келіспей қалып, жақ тұсынан соққы алғанда, жағы сынып кеткен. Сарбаздардың арасында болған жағдай, – дейді сержант.

Ал ҚР Қарулы Күштері әскери полициясы бас басқармасы әскери қызметшіге қатысты күш қолдану фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.

– Оқиға салдарынан әскери қызметшілердің бірі жақ сүйегінен жарақат алды. Зардап шеккен әскери қызметші Алматы қаласындағы Әскери-клиникалық госпитальға жатқызылды. Оған барлық қажетті білікті медициналық көмек көрсетілуде, денсаулық жағдайы әскери дәрігерлердің тұрақты бақылауында, – делінген ведомство жауабында.

Қазір бұл жайтқа байланысты сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Аталған басқарма оқиғаға қатысты барлық тұлғалардың әрекетіне құқықтық баға беріледі деп сендірді.

Соның ішінде құқықбұзушылық жөнінде дер кезінде жоғары басшылыққа баяндамаған және медициналық көмекті ұйымдастыруда кемшіліктер жіберген лауазымды тұлғалар да бар.

– Тергеу шаралары кезеңінде әскери бөлімнің бірқатар лауазымды тұлғалары қызметтік міндеттерін атқарудан уақытша шеттетілді. Тергеу қорытындысы бойынша кінәлі тұлғалар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілікке тартылады, – делінген ресми түсініктемеде.

Айта кетейік, бұған дейін Өскемендегі әскери бөлімдердің бірінде мерзімді қызметтегі сарбаз көз жұмғаны жөнінде жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар
Референдум