Отбасы институтын жоққа шығаратын, ұлттық дәстүрлерге қарсы үгіттейтін ақпараттар балаларға зиянды деп танылды - А. Смайыл

АСТАНА. 18 желтоқсан. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Балаларды денсаулығы мен дамуына зиян тигізетін ақпараттан қорғау туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Мәжілістің бірқатар депутаттар тобы бастамашы болған осынау құжаттың бүгінгі ақпарат ғасырындағы түрлі қатерлерден сақтану тұрғысынан маңызы зор болатындығы даусыз.

Отбасы институтын жоққа шығаратын, ұлттық дәстүрлерге қарсы үгіттейтін ақпараттар балаларға зиянды деп танылды - А. Смайыл

Жалпы, құжат халықаралық құқықтың балалардың ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Оның ішінде Қазақстан қабылдаған БҰҰ-ның Бала құқықтары туралы Конвенциясында бекітілген, жалпыға танылған қағидаттары мен нормаларына сәйкес бала құқықтарын қорғауды басымдықпен қамтамасыз ету қажеттілігі негізге алына отырып әзірленген. Ал бастамашылар заңды қабылдаудың өзектілігін балалардың әлсіз топқа айналуымен түсіндіреді. Олар жаңа ақпараттық технологиялардың қарқынды дамуымен (Интернет, ұялы және басқа да байланыс түрлері, цифрлық хабар тарату) ақпараттың теріс ықпал етуіне ұшырап отыр. Жарнама өнімінің айналымы, электрондық және компьютерлік ойындар, кино, бейне, өзге де аудиовизуалдық хабарламалар мен материалдар айналымы кезінде БАҚ, ортақ пайдаланылатын ақпараттық-телекоммуникациялық желілерді пайдалана отырып таратылатын ақпарат, көбінесе балаларға психикалық кері әсер етіп, агрессияға, қатыгездікке, қоғамға қарсы әрекеттерге итермелейді. Сондықтан да, жағдайдың осылайша қалыптасуына ақпараттық өнімнің айналымы кезінде балалардың имандылығы мен денсаулығын қорғауды қамтамасыз етудің құқықтық кепілдіктерін заңнамалық реттеу тұрғысынан едәуір олқылықтар әсерін тигізіп отыр. Осыларды шешу мақсатында заң жобасында балалардың психофизиологиялық ерекшеліктерін ескере отырып, әр түрлі жас топтарындағы балаларға арналған ақпараттық өнімнің мазмұнына қойылатын арнайы талаптарды бекіту көзделеді. Мәселен, ақпараттық өнімнің жас санаттары белгіленеді, солардың негізінде «-6», «+6», «+12» «+16» және «+18» секілді жас санаты белгісі берілетін болады. Бұл ретте, әрбір жас санаты бойынша осы жас санаттарына тән критерийлер айқындалып отыр.

«Әлем елдерінің бір-біріне ашықтығы, шекарамен шектелмейтін телекоммуникация желілерінің барынша еркіндігі, ақпарат алмасудағы мүмкіндіктердің молаюы рухани кеңістіктің тазалығы мәселесінде ойландыра бастады. Кейбір ағымдардың ақпаратты ұлттық дәстүрге қарсы бағыттауы, қоғамға жат іс-әрекеттерді ашық және жасырын насихаттауға көшуі, балалар арасында суицид, қатыгездік, елдік мұраттар мен құндылықтарды жатсыну секілді жағымсыз қылықтардың байқалуы алаңдатпай қоймайды. Соған орай, елімізде балаларды зиянды ақпараттан қорғау туралы заңның керектігіне көз жеткіздік», - дейді бастамашылық жасаған депутаттың бірі Алдан Смайыл. Оның айтуынша, заң жобасын әзірлеуде әлемдік тәжірибелер жіті зерделеніп, соның нәтижесінде заңнамаға жаңа құқықтық ұғымдар енгізіліп отыр. Бұл ретте заң жобасымен балалар арасындағы жас топтарына қандай ақпараттық өнімдер таратуға тыйым салынатындығы және шек қойылатындығы айқындалды. Осы мақсатта балаларға арналған өнімдердің жас сыныптамасы, жас санатына қатысты ұғымдары енгізілген.

«Жалпы алғанда заң жобасы бойынша қатыгездік пен зорлық- зомбылыққа құрылған, балалар өміріне қатыгездіктер төндіретін іс әрекетке, суицидке итермелейтін, порнографиялық және анайы сексуалдық сипаттағы көріністерді қамтитын, дәстүрлі емес сексуалдық бағдарды насихаттайтын ақпараттық өнімдерге тыйым салу қарастырылып отыр. Мұнымен қоса, отбасы институтын жоққа шығаратын, ұлттық дәстүрлерге қарсы үгіттейтін ақпараттар да балаларға зиянды деп танылған. Телеарналар осы талапқа сай келетін өнімді, соған сәйкестендірілген таңбамен белгілеп қана эфирге таратуға тиіс. Керісінше жағдайларда, оларға заңмен шара қолданылады», - дейді Алдан Смайыл. Бұл ретте депутат заң жобасында алғаш рет балаларға арналған ақпараттық өнімге анықтама беріліп отырғанын алға тартады. Мұндай ақпараттық өнім бағыты, мазмұны, тақырыбы, безендірілуі бойынша балаларға тікелей арналған өнім болып табылады.

«Еркіндік атты құндылықты түрліше түсінген, оны қоғам мен халықтың игілігі тұрғысынан емес, өзінің қылмысқа парапар қарекеттері үшін пайдаланушылар ақпарат әлемін тори бастағаны рас десек, зиянды ақпараттан балаларды заңмен қорғау - ұлттық және мемлекеттік парыз», - дейді заң жобасы туралы депутат Алдан Смайыл.
Депутаттың айтуынша, дәл осы мәселеге Әзірбайжан, Беларусь, Украина, Латвия мен Эстония, ТМД Парламенттік Ассамблеясы айрықша мән беріп отыр. Ресей арнайы заң қабылдаумен бірге, Президент жанынан балалардың құқығы жөніндегі өкілетті кеңес құрды. Оның негізгі мақсаты - балаларды рухани аздыратын ақпараттан қорғау. Ал әлемдік тәжірибеге сүйенсек, мұндай заң алғаш рет Англияда, сосын АҚШ-та қабылданған екен. Англия 1984 жылы бейнежазу туралы арнайы заң қабылдап, онда эротикалық, порнографиялық және т.б. кері сипаттарға, балаларды аздыратын ақпараттарға тосқауыл қойыпты. 1998 жылы АҚШ кәмелетке толмағандардың жеке өмірін қорғау туралы заң күші бар акті қабылдаған. Міне, осы актіде алғаш рет балаларға арналған веб-сайттарды жіктеу нормасы енген. Жапония да дәл осындай заң қабылдап, онда жас санаттарына қатысты таңбалау туралы норма енгізілген. Сонымен бірге, жапондар заңнамасында «контентфильтр» ұғымы енгізілген. Бұл әрбір компьютерге қосылады және әрбір ата-анаға осындай сүзгішті орнату міндеттеледі. Осы тетік арқылы бүкіл ақпарат балалар үшін сүзгіден өтіп отырады.

Заң жобасында қамтылған ерекшеліктің бірі - балаларға арналған ақпараттың жекелеген түрлерін таратуға қойылатын қосымша талаптар жеке бап ретінде қарастырылған. Осы бапқа сәйкес, енді мектепке дейінгі балалар ұйымдарында балаларды оқыту және тәрбиелеу үшін пайдаланатын ақпараттық өнімнің мазмұны мен безендірілуі қадағаланатын болады. Дәл осындай бақылау білім беру жүйесінде де іске асады. Сосын заң жобасындағы сүбелі үлестердің бірі ақпараттық өнімге сараптама жасаумен байланысты болып табылады. Атап айтқанда, ақпараттық өнімге сараптама жүргізу құқына ие болатын сарапшылар мен сараптама ұйымдарын уәкілетті органның жанынан құрылатын комиссия жүзеге асыратын болады. «Заң жобасына сәйкес, шет елдерден де, іштен де сатып алынатын ақпараттық бағдарламалар жас санаттарына сәйкес таңбаланып келуге тиіс. Таңбалануы талап етілетін фильмдер мен бағдарламалардың қатарына енді балаларға арналған ақпараттық өнімдер де енгізіліп отыр», - дейді депутат А. Смайыл.

Тұтастай алғанда, заң жобасы аясында Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске, «Телерадио хабар тарату туралы», «ҚР бала құқықтары туралы», «Жарнама туралы» заңдарға өзгерістер енгізіледі. «Қоғам мен адамға нарықтың көзімен қараған елдерде бейнелі ақпараттық өнім әзірлеуге балаларды тарту ертеден бар. Эротикалық және порнографиялық өнімдерге қатыстыру да күні бүгінге дейін тыйылмай келеді. Осы қылмыстық әрекет ТМД елдерінде де байқалып қалып жүр. Соның жолын кесу мақсатында Әкімшілік құқық бұзушылық кодексіне жаңа 115-2 бап енгізілді. Ол бойынша аталған қадамдарға барғандардың ақпараттық өнімдері мен материалдары тәркіленіп, қаржылай айып салынады. Қайталанған жағдайда әкімшілік қамауға алуға дейін шара қолданылатын болады», - дейді депутат А. Смайыл. Бұдан бөлек, жаңа нормаларға сәйкес, балаларға зардабы болуы ықтимал фильмдер көпшілікке көрсетудің белгіленген уақыт талабын сақтауы қадағаланатын болады. «Жарнамаға қатысты қолданыстағы заңнамада балалардың ақпараттық қауіпсіздігіне қатысты ұғым жоқ болатын. Осы олқылықты толықтыра отырып, біз жарнама арқылы балалардың дамуы мен денсаулығына зиянын тигізетін, олардың өміріне ықтимал қауіп төндіретін ақпараттық өнімді насихаттауға тосқауыл қоятын боламыз. Сонымен бірге, кәмелетке толмағандар пайдаланатын оқу-әдістемелік пәндер, оқу құралдары мен оқулықтар, дәптерлер мен күнделіктер жарнаманың кез келген түрін орналастыруға тыйым салынады. Бұдан бөлек, елімізде индекстелген фильмдер көрсетіліп келсе, ендігі күні олардың барлығымен қоса ақпараттық өнімдердің баршасы таңбаланатын болады», - дейді ол.

Депутат Алдан Зейноллаұлының айтуынша, заңнаманың ішкі адами астары бірден байқала қалмауы да мүмкін. Алайда, терең зер салса ол мыңдаған, миллиондағандардың тағдырына қатысты болып шыға келеді. Осы ретте депутат БҰҰ халықты қоныстандыру саласындағы қорының мәліметтерін де көлденең тартады. Соған сәйкес, дамушы елдерде ғана жыл сайын кәмелетке толмаған 7 млн. 300 мың қыз бала құрсақ көтеретіні хабарланған. Мұның 2 млн-ы 15 жасқа жетпегендер. «Ал Қазақстандағы Салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының мәліметі бойынша 14 жастағы жеткіншектердің 5-6 пайызы рұқсат етілмейтін қатынастарда болатыны көрсетіп отыр. Міне осының бәрін тоқтату керек, ол үшін осындай ұлттық адамгершілікке, мемлекеттік мұратқа арналған заң керек», - дейді ол.

Түптеп келгенде, заң жобасымен ең бірінші кезекте қатыгездік пен зорлық-зомбылықты насихаттайтын ақпараттарға тыйым салынады. Бұл ретте бастамашыл топ соңғы уақытта балалар арасында қатыгездік артып, бір-біріне бауырмалдық деген сөніп бара жатқанын, бұның себебі залалды ақпараттардың емін-еркін таралуынан туындап отырғанын да алға тартады. Бұдан кейінгі кезекте балалардың өз өмірлеріне өздері зиян тигізетін, өзіне өзі қол салуға итермелейтін ақпараттарға да тыйым болады. «Өйткені, суицид деген арамызда көбейіп кетті. Дүниежүзілік деректерге қарағанда БҰҰ мәліметінше жылына 1,5 млн. жуық бала өзіне өзі қол салады. Ал Қазақстанда өткен жылдарда кәмелетке толмаған жалпы балалар санының 8 пайыздан астамы осындай әрекеттерге барған. Әрине, олардың бәрі өліммен аяқталған жоқ. Дегенмен бұл көрсеткіш қауіпті. Тағы бір мәселе - дәстүрлі емес сексуалдық бағдарды қамтитын ақпараттарға да тыйым болады. Өйткені, бұл мәселе қоғамда қызу талқыланып жатыр. Таяуда ғана Ақтөбедегі бір сайт ашықтан ашық балаларды осыған шақырған. Біз дереу прокуратураға хат жолдадық, бүгін ғана соған қатысты жауап алып отырмын. Олар сайттың мәселесін қарап жатыр екен. Алайда, осындай заң болмағандықтан ондай сайттарды біржолата жауып тастау да мүмкін болмай отырған секілді. Сол үшін біз бұндай ақпараттарды тыйым салынатын ақпараттар қатарына қосып отырмыз», - дейді депутат.

Жалпы, заң жобасы бұған дейінгі шақырылымдарда көтеріліп, содан бері әбден июі қанып келеді десе де болады. Әлемнің өркениетті елдері балаға, келешек жеткіншектерге келгенде залалды ақпараттан барынша қымтап ұстау саясатын қолданып, анайы дүниеден өрендерін арашалап алып жатқанда Қазақстанның да осы үдерісті қолға алғаны әбден керек екені даусыз, әрине.