Өткен 20 жыл ішінде АӨІСШК өз тиімділігін танытты - Елбасы

АСТАНА. 12 қыркүйек. ҚазАқпарат - Өткен 20 жыл ішінде АӨІСШК өз тиімділігін танытты.

Өткен 20 жыл ішінде АӨІСШК өз тиімділігін танытты - Елбасы

Бүгін  Астанада Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің 20 жылдығына арналған Кеңестің мерейтойлық сессиясы мен сыртқы істер министрлерінің төртінші кездесуі барысында сөз сөйлеген Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев осылай мәлім етті.

«1992 жылдың 5 қазанында БҰҰ Бас Ассамблеясының 47-сессиясыда мен Азия құрлығында ынтымақтастықтың түрлі салаларында өзара сенімді қалыптастыратын мемлекетаралық диалогтың алаңын қалыптастыру туралы бастама көтердім. Бүгінгі күні 20 жыл ішінде тиімді көпқырлы дипломатиялық форумға айналған АӨІСШК Азия құрлығының 90 пайыздан астам аумағындағы, біздің планетамыздың жартысынан астам тұрғыны тұрып жатқан 24 мемлекеттің басын қосып отыр», - деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар, Елбасы делегация басшыларына осы жылдар ішінде қолдау білдіргені үшін алғысын жеткізіп, ұйымды дамытуға қосқан үлестеріне ризашылығын білдірді.

«Сіздерді АӨІСШК 20 жылдығымен құттықтаймын. Барлық қатысушыларды теңдессіз қолдауы мен қомақты үлесі үшін алғысымды білдіремін», - деді ҚР Президенті Н. Назарбаев.

Естеріңізге сала кетейік, 5 қазанда ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың БҰҰ Бас Ассамблеясының мінберінен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесін құру жөнінде бастама ұсынғанына 20 жыл толады. Бүгінгі күні Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске Әзербайжан, Ауғанстан, Бахрейн, Вьетнам, Египет, Үндістан, Ирак, Иран, Израиль, Иордания, Қазақстан, Камбоджа, Қытай, Қырғызстан, Моңғолия, БАӘ, Палестина, Пәкістан, Ресей, Тәжікстан, Таиланд, Түркия, Өзбекстан, Корея Республикасы кіреді. АҚШ, Украина, Индонезия, Малайзия, Катар, Бангладеш, Филиппин, сондай-ақ БҰҰ, Араб мемлекеттерінің Лигасы және ЕҚЫҰ бақылаушы мәртебесіне ие.