Өткен жылы ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 7,7 пайызға төмендеген

АСТАНА. KAZINFORM — 2023 жылдың қорытындысында ауыл шаруашылығының жалпы өнімі көлемі 7,7 пайызға төмендеген. Бұл туралы Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитеті отырысында сенатор Әли Бектаев айтты.

Әли Бектаев
Фото: senate.parlam.kz

«Қазақстан үшін агроөнеркәсіптік кешен ел экономикасының негізгі бір бөлігі деп айтуға болады. Үкімет тарапынан осы күнге дейін ауыл шаруашылығы өнімдеріне деген ішкі нарықтың сұранысын қанағаттандырып, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында бірқатар жұмыс жасалды. Тіпті Тәуелсіздік алғалы бері агроөнеркәсіп кешені мен ауылдық аумақтарды дамытуға бағытталған бірнеше бағдарламалық құжат қабылданды. Саладағы түрлі проблемаға қоса, өткен жылы елімізде ауа райы шаруалар үшін қолайсыз болды. Сәйкесінше, бұл ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігі мен сапасына, шаруалардың қаржылық жағдайына әсер етті», — деді ол. 

Сенатор дерегінше, 2023 жылдың қорытындысында ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 7,7, оның ішінде өсімдік шаруашылығы өнімінің өндірісі 14,6 пайызға төмендеді.

«Десе де, 2023 жылы экспортталған ауыл шаруашылығы өнімдерінің құны 5 млрд АҚШ долларынан асты. Агроөнеркәсіптік кешен өнімі экспортының жалпы көлеміндегі өңделген өнімнің үлесі 42,6 пайыз болды. 2024 жылы бұл көрсеткішті 45 пайызға жеткізу жоспарланып отыр. Осылайша, жыл сайын өңделген өнім үлесін арттырып, Президенттің 70 пайызға жеткізу туралы тапсырмасының орындалуын қамтамасыз етуіміз қажет. Өндірілген өнімді қайта өңдеп, оларды экспортқа шығаруды ұлғайту арқылы импортталатын тауарларды өз өнімдерімізбен алмастырмай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес», — деді Әли Бектаев.

Соңғы жаңалықтар