Еуропалық Одақпен екіжақты тауар айналымы 45 миллиард доллардан асты - Президент
АСТАНА. KAZINFORM - Брюссельде Еуропалық Одаққа мүше мемлекеттер іскерлік орта өкілдерінің қатысуымеy «Қазақстан – ЕО» дөңгелек үстелі ұйымдастырылды, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Қасым-Жомарт Тоқаев жиынға қатысушылар алдында сөз сөйлеп, Қазақстан мен ЕО арасындағы қарым-қатынас шынайы стратегиялық сипатқа ие болғанын атап өтті.
– Бүгінде Еуропалық Одақ еліміздің ең ірі сауда және инвестициялық серіктесі саналады, оның үлесіне Қазақстанға шетелден тікелей тартылған инвестицияның жартысына жуығы тиесілі. Тек өткен жылдың өзінде екіжақты тауар айналымы 45 миллиард доллардан асты. Бұл жетістік халықаралық деңгейде мойындалды. БҰҰ Сауда және даму ұйымының (ЮНКТАД) дүниежүзілік инвестициялар туралы соңғы есебіне сәйкес, Қазақстан шет елден тікелей инвестиция тарту бойынша Орталық Азияда бірінші орынға ие, сондай-ақ посткеңестік кеңістік пен теңізге шығатын жолы жоқ дамушы елдер арасында көшбасшылықты сақтап келеді. Қазақстанда 4 мыңға жуық еуропалық компания табысты жұмыс істейді. Олардың көбі, әсіресе, Airbus, Polpharma Group, Air Liquide Group, Škoda Group және Alstom секілді компаниялар ондаған жылдардан бері сенімді серіктеске айналды. Сонымен бірге біз еуропалық инвесторлардың жаңа буынын қуана қарсы аламыз. Олардың қатарында Roca Group, Inditex, Maersk, Dewulf және Damen Shipyards Group сияқты танымал компаниялар бар, – деді Президент.
Осыған дейін Қазақстан мен Еуропалық Одақ қандай құжаттарға қол қойғаны туралы жаздық.