Өткен жылы республикалық жолдардан 700 мың тонна қоқыс жиналды
АСТАНА. KAZINFORM - 2024 жылы республикалық маңызы бар автомобиль жолдардың жиегінен, жол бойындағы белдеулерден, демалыс алаңдары мен автопавильондардан қоқыстарды тазалауда жол қызметі ауқымды жұмыс жүргізді.

«ҚазАвтоЖол» мекемесі баспасөз қызметінің хабарлауынша, осы жұмыстардың нәтижесінде шамамен 700 мың тонна қоқыс жиналды. Бұл тәулігіне шамамен 2 500 тоннаны құрайды. Тазартылған аумақтың жалпы ауданы шамамен 400 миллион шаршы метрге жетті.

Бұл ауқымды шаралар жол қозғалысы қауіпсіздігін, жүргізушілер мен жолаушылардың қолайлы қозғалысын қамтамасыз етуге, сондай-ақ өңірлердегі экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған. Әр автокөліктен тасталған немесе жол бойына қалдырылған заттар жол қызметіне қосымша жүктеме түсіріп, қоршаған ортаға зиян келтіретінін ескерген жөн.

- Біз қоршаған ортаға ұқыпты қарау арқылы жолдардың тазалығы мен тәртібін сақтауға үлес қосамыз. Қоқысты тастамауға және табиғатты аялауға шақырамыз, - делінген «ҚазАвтоЖол» мекемесінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Осыған дейін «ҚазАвтоЖол» жолдың тайғақтығына шағымданған жүргізушілерге жауап берді.

