Өткен жылдың 11 айы ішінде Қазақстан-герман сауда айналымы 2,9 млрд. долларды құраған - СІМ
АСТАНА. Қаңтардың 26-сы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Өткен 2008 жылдың 11 айы ішінде Қазақстан-герман сауда айналымы 2,9 млрд. долларды құраған.
Бүгін дәстүрлі брифинг барысында Мемлекет басшысының Германияға сапарына тоқтала келе, Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ержан Ашықбаев осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ресми өкілдің айтуынша, Қазақстан-герман байланыстарының маңызды бөлігін сауда-экономикалық ынтымақтастық қатынастары құрайды әрі бұл бағытта белсенді дамушылық сақталып отыр. Сондай-ақ Германия Қазақстанның сыртқы саудадағы аса ірі алты әріптестерінің қатарына кіретін мемлекет болып табылады. «Өткен жылдың 11 айы ішінде екі мемлекет арасындағы сыртқы сауда айналымы 2,9 млрд. долларды құрады. Оның ішінде экспорт 0,6 млрд. долларды, ал импорт 2,3 млрд. долларды құраған. Жалпы 2007 жылы екі мемлекеттің сауда айналымы 2,9 млрд., 2006 жылы 2,3 млрд. доллар шамасында болатын. Германия Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығын және ДСҰ-ға кіруін қолдайды әрі Қазақстанның Экономикалық Ынтымақтастық Даму Ұйымындағы несиелік рейтингісінің жақсаруына көмек беріп келеді», деді Е. Ашықбаев.