Өткен жылы елорданың Индустриалдық паркі кәсіпорындарында 400 жаңа жұмыс орны ашылды
АСТАНА. 21 қаңтар. ҚазАқпарат - 2012 жылы Астана Индустриалдық паркі аумағында жұмыс істейтін 8 кәсіпорын шығарған өнім көлемі 2011 жылмен салыстырғанда 30 пайызға ұлғайып, 400 жаңа жұмыс орны ашылды.
Бұл туралы Астана қаласының ресми сайты «Астана - жаңа қала» арнайы экономикалық аймағына әкімшілік ету басқармасына сілтеме жасап хабарлады.
«Өткен жылы Астана Индустриалдық паркі аумағында шетелдіктердің қатыстырылуымен 12 жоба тартылды. Солардың ішінде 2 жоба - Англия мен Ресей жобалары. Бұл жобалар машина жасау, химия және фармацевтика, тамақ өнеркәсібі, құрылыс материалдары мен жиһаздар шығару салалары бойынша жүзеге асырылуда», - делінген хабарламада.
Басқарманың мәліметі бойынша, бүгінгі күні Индустриалды парк аумағында 45 жоба жүзеге асыру жоспарлануда.
2012 жылы 7 кәсіпорынның құрылыс-монтажы аяқталып, соның 4-уі жабдықтармен жарақтандырылды. Бұл кәсіпорындардың өнімдері биылғы жылдың бірінші тоқсанында жүзеге асырылатын болады.
Еске салайық, өткен жылы Мемлекет басшысының қатысуымен Қазақстан Республикасы аумағында шетелдік инвесторлар «Alstom» (Франция) және «Трансмашхолдинг» ЖАҚ-ты (Ресей) тарту арқылы «Alstom» француз технологиясы бойынша электровоз өндірісі іске қосылды. Сондай-ақ, қазақстандық кремния негізінде француздық «Semco Engineering», «ECM» және «CEIS» топтарымен бірге фотоэлектрлік модульдерді құрастыру зауыты ашылды. Сонымен қатар «Eurocopter» (Франция) компаниясымен бірге тікұшақтар құрастырып, шығару ісі де қолға алынды.