Өткен жылы Қазақстан экономикасына 20 млрд. доллар шетел инвестициясы құйылды - Мемлекет басшысы
АСТАНА. 18 қаңтар. ҚазАқпарат - Өткен жылы Қазақстан экономикасына 20 млрд. доллар шетел инвестициясы құйылды.
Бұл туралы бүгін Ақордада Қазақстанда тіркелген дипломатиялық миссиялар басшыларымен кездесу кезінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтты.
«Дәстүр бойынша жыл сайын осындай кездесулер өтеді. Мемлекет басшысы мен елшілер арасында сұхбат орнап, халқымыздың ішкі саясаты мен сыртқы саясаты туралы әңгіме өрбиді. Екіншіден, биылғы Жолдауда айтылған стратегиялық бағдарламаның маңызы мен қалай жүзеге асырылатынын және сол үшін шетелдермен қандай қарым-қатынас орнау керектігін сіздермен ақылдасу үшін жиналып отырмыз», - деді Елбасы.
Осыдан кейін 2012 жылы қазақ елі жеткен жетістіктерге кеңінен тоқталған ҚР Президенті өткен жыл Қазақстанның сыртқы саясат тарихындағы ең жемісті жылдардың бірі болғандығын ерекше атап өтті.
«Бүкіләлемдік экономикалық форумның бәсекеге қабілеттілік рейтингісінде еліміз 51-ші орынға тұрақтады. 2006 жылы берілген әлемдегі дамыған 50 елдің қатарына қосылу туралы міндет орындалды. Сол кезді бір шолып өтсек, бірқатар сарапшылар, оның ішінде шетелдік сарапшылар да Қазақстанның аталған мақсатқа жететініне шүбә келтірген еді. Өздеріңіз көріп отырғандай, біз небары 6 жылда, тіпті жаһандық дағдарысқа да қарамастан алға қойған міндетті орындадық. Дүниежүзілік банктің бағалауынша, Қазақстан шетелдік инвестиция тарту көрсеткіші бойынша ең үздік елдердің қатарына кіреді. Өткен жылдың өзінде-ақ елімізге 20 млрд. доллардан астам тікелей шетелдік инвестиция тартылды», - деді Н.Назарбаев.