15:15, 10 Ақпан 2009 | GMT +5
Өткен жылы Қазақстан мен Норвегия арасындағы тауар айналымы 743,1 млн. долларға жетті
АСТАНА. Ақпанның 10-ы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - 2008 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Норвегия арасындағы тауар айналымы 743,1 млн. долларды құраған.

Бұл туралы бүгін Ақордада ҚР Мемлекеттік хатшысы Қанат Саудабаевтың Норвегияның Қазақстандағы Елшісі Метте Конгсхеммен кездесуі барысында мәлім болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қазақстанның Норвегиямен маңызды байланыстарының бірі өзара тиімді сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық болып табылады. Бұның ішінде мұнайгаз саласындағы әріптестік екі мемлекеттің жалпы экономикалық байланысындағы негізгі қозғаушы күші ретінде қарастырылады. Атап айтқанда, бүгінгі күні «ҚазМұнайГаз» бен «СтатойлГидро» секілді ұлттық мұнайгаз компаниялары арасында қарым- қатынас аясын кеңейту және оны жаңа деңгейге көтеруге бағытталған белсенді диалогтар жүргізіліп келеді. Сондай-ақ, Қазақстанда «СтатойлГидро» компаниясының 10-нан астам норвегиялық фирмалары қызмет етеді.
Келтірілген деректерге сүйенсек, өткен жылы Қазақстан мен Норвегия арасындағы тауар айналымы 743,1 млн. долларды құраған, бұның ішінде экспорт ? 48,1 млн. доллар болса, импорт ? 695 млн. доллар шамасында болып отыр. Ал 2007 жылы бұл көрсеткіш 128,1 млн. доллар шамасында болатын.