16:07, 04 Ақпан 2009 | GMT +5
Өткен жылы Қазақстанның Ресеймен сауда айналымы 20 млрд. долларды құрады
АСТАНА. Ақпанның 4-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Өткен жылы Қазақстанның Ресеймен сауда айналымы 20 млрд. долларды құрады.

Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында ҚР Қаржы вице-министрі Руслан Дәленов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Жиын барысында депутаттар алдында Беларус, Ресей, Қазақстан арасындағы кеден одағының жанама салық мәселелері жөнінде баяндама жасаған вице-министр, бүгінгі күні аталған үш елдің арасында кеден одағына қатысты мемлекетішілік рәсімдердің әзірлеу жұмыстарының аяқталуға таяу екендігін атап өтті. Сондай-ақ, депутаттардың сауалына жауап бере келе Р. Дәленов, кеден одағы аясындағы сауда айналымы көрсеткіштерінің Қазақстан үшін жеткіліксіз болып тұрғанын айтты. «Өткен 2008 жылы Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда айналымы 20 млрд. доллардың шамасында болды. Оның ішінде Ресейден келетін импорт 14 млрд. долларды құраса, қалған 6 млрд. доллар экспорттың үлесіне тиеді. Жалпы, кеден одағы бойынша Қазақстанның Ресеймен сауда қатынасы жылдан-жылға артқанымен де, еліміз үшін жағымсыз импорттық көрсеткіш әлі де қалыптасып отыр. Ал, Қазақстанның Беларус Республикасымен сыртқы сауда айналымы Ресеймен салыстырғанда 30 есеге дейін кем. Яғни, екі мемлекет арасындағы импорт 0,6 млрд. доллар, экспорт 200 млн. доллар шамасында болды», - деді Қаржы вице-министрі Руслан Дәленов.