«OTS+», цифрлық бастама, транзит тартысы: Қазақстан түркі әлеміне қандай ой айтты
АСТАНА. KAZINFORM — Әзербайжанда Түркі мемлекеттері ұйымының кезекті саммиті қорытындыланды. Алқалы жиында айтылмай қалған тақырып аз: ішкі алыс-беріс, транзит әлеуеті, цифрлық үрдіске ілесу, мәдени байланыс сөз болды. Көшбасшыларды алаңдатқан мәселелер мен алдағы ықтимал кедергілерді де естідік. Kazinform тілшісі басқосуда Қазақстанның қандай ұсыныс айтқанын және түркі әлемінде нендей өзгеріс болатынын болжауға тырысты.
Түркі бірлігінен бір белгі
Мемлекет басшылары кеңесінің 12-ші саммиті Әзербайжанның Габала қаласында түндігін түрген-тұғын. Маңызды жиынның бауырлас елде өтуі тек кезектің орайы емес, саяси астары бар. Себебі, Таулы Қарабақ үшін отыз жылға жуық қырғи-қабақ болған Әзербайжан мен Армения бірнеше ай ғана бұрын бітімге келді. АҚШ-та Баку мен Ереван арасындағы қатынастарды бейбіт жолмен реттеу туралы бірлескен декларация қабылданған еді. Сондықтан Әзербайжан елінің егемендігі мен аумақтық тұтастығының қалпына келуі өңір үшін жаңа бір дәуірдің есігін ашты десек артық емес.
Міне, көп өтпей тамыры бір түркі жұрты туыстас елге жиналып, қауіпсіздік райын талқылауда. Саммит тақырыбы – «Өңірлік бейбітшілік және қауіпсіздік». Ұстанымды білдіретін сөз бағдарынан ТМҰ жаңа кезеңге аяқ басқанын көруге болады. Ұйым тек мәдени-экономикалық шаралармен шектелмей, аймақ тұтастығында шешуші рөл атқаратын ұйымға айналуға бейіл екенін білдіруде. Дәл осы ниеттің Әзербайжан қаласында нығая түсуі символдық әрі тарихи мәнге ие. Өйткені ендігі ұйым төрағалығы Әзербайжан тарапының еншісіне беріліп отыр.

Габалада жасалған басты қадам – «Түркі мемлекеттері ұйымы+» форматын құру бастамасы. Өйткені кейінгі жылдары ТМҰ-ға қызығушылық танытып, қатарға енуге құлықты елдің қатары артты. Ендігі жерде әрбірімен тең дәрежеде тілдесу үшін өзгеше коммуникация қажет. Осы тұрғыда «OTS+» ұйымның өзге мемлекеттер мен ұйымдар алдындағы абырой-беделін арттыруға жақсы әдіс.
Бұған дейін мұндай форматты Орталық Азия мемлекеттері қолданып келген болатын, тиімділігін көрген. Айтар ойды бір ортадан ұсынып, бәріне тиімді шешімге қол жеткізіп келген. Әлем елдері «С5+» форматының дипломатиялық әсерін күні бүгінге дейін мысал етуде.
2040 жыл: инвестициялық қордың келешегі
Түркі мемлекеттері бүгінде жаһандық экономикалық күшке айналды. ТМҰ ішіндегі өзара сауда 3%-дан 7%-ға дейін өскен. ЖІӨ 2,1 триллион доллардан асып, өткен жылы тауар айналымы 1,1 триллион долларға жеткен. Түркі елдері аймағының 175 миллион халқы мен 4,5 млн км² аумағы бар, демек ауқымды нарық есебінде әлеуетін арттырып келеді.
Президент ұйымның экономикалық қуатын арттыруды кейінге шегеруге болмайтынын ашып атты. Тіпті алдағы 15 жылда нақты нәтиже керек екенін жеткізді.

– 2040 жылға дейінгі Түркі әлемінің даму бағдарын толық іске асыруға баса мән беруіміз қажет. Бүгінгі саммит осы жоспарды нақты шаралармен толықтыруға тиіс. Ұйымға қатысушы әр мемлекеттің өзіне тән артықшылығы және жетістігі бар. Соған қарамастан Ұйым аясында сауда-экономика саласындағы ірі жобаларды жүзеге асыру үшін нақты тетіктер ұсынылған. Соның бірі – Түркі инвестициялық қоры. Осы қаржы ұйымының мүмкіндіктерін барынша пайдалануымыз керек. Биыл Түркістанда елдеріміздің экономика және сауда министрлері бас қосады. Сол кезде Қор қаржыландыратын жобалар тізімін жасаған жөн болар еді. Өнеркәсіп саласындағы ықпалдастық елдеріміздің экономикасын әртараптандыру ісінде маңызды рөл атқарады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы тиімді тетіктің біріне балаған инвестициялық қор экономикалық өзгеріске әкеле ме, ол жағын сарапшылар ашып айта алмауда. Оған қордың әлі аяққа тұрмауы себеп болып отыр. Есте болса, Түркі инвестициялық қорын құру туралы келісімге 2023 жылы Анкарада өткен Түркі мемлекеттері ұйымының кезектен тыс саммитінде қол қойылды. Құрылтайшы елдер қатарындағы Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия секілді мемлекеттер алдағы жоспарға уағдаласқан. Содан бері қор нақты ешбір жобаны қаржыландырған емес.
– Инвестициялық қорды қалыптастыру екі жылдан астам уақыт бойы жалғасып келеді. Қазір ұйымдастыру және заң процедуралары аяқталуда. Қазіргі уақытта қордың жалпы портфелі шамамен 600 миллион долларды құрайды. Бұл – бірлескен жобаларды дамытуға бағытталатын үлкен сома.
Әзірше қаржыландыруға нақты өтінімдер келіп түспеген. Себебі белгілі, қор өзінің қалыптасу кезеңін енді аяқтады. Бірақ жақын арада алғашқы бастамалар жарыққа шығып, қор басқармасы өтінімдерді қарай бастайтынына сенімдімін, – деді Түркі мемлекеттері ұйымының Бас хатшысы Кубанычбек Омуралиев.

Қазір Түркі инвестициялық қорының жарғылық капиталды 600 млн долларды құрайды. Әлемдік өлшеммен алсақ, орта шендегі мөлшер. Мысалы, Қатар қорының өзінде 400 млрд доллар, Кувейт қорында – 600 млрд, Сауд қорында – 900 млрд, Әбу Даби қорында – 1 трлн астам қаржы айналымы бар. Бұл ұйымдар экономикалық тиімді жобаларды қаржыландырса, біздің Түркі инвестициялық қоры ортақ жобаларға басымдық бермек. Яғни, жекелеген елдер мен компаниялардың мүддесін емес, ортақ мақсаттағы бастамаларға қаржы құяды.
Расында, түркі мемлекеттері инвестициялық қорды дамытуға мүдделі. Әрбірі қорды қаржыландыруға хал-қадірінше қадам жасауды бастады. Мысалы, жуырда Қазақстан 2,3 млрд теңгеге Түркі инвестициялық қорының акцияларын сатып алды.
Ұйым Орта дәлізді қалай дамытады?
ТМҰ-да экономикалық межеге қатысты ұстаным бар: қысқа мерзімде ТМҰ-ның ішкі сауда айналымын 10%-ға дейін жеткізуге ниетті. Бұл орайда ең басты екі салада – банк және көлік-логистика секторында реформа қарқынды жүріп жатыр.
Жыл басында Будапештте өткен бейресми саммитте ұйымға мүше мемлекеттердің экономикасының қазіргі жағдайы сараланған еді. Сол тұста ақша-несие саясаты, төлем жүйелерінің дамуы, орталық банктердің цифрлық валюталарын енгізу келешегі, финтех (fintech) саласындағы ынтымақтастыққа қатысты біршама ұсыныс айтылды. Орта дәлізді пайдалану тетігіне де аса мән берілді.
Габалада Мемлекет басшысы аталған ойды қайта мәлімдегенін көрдік. Әсіресе, ТМҰ елдеріне тең мүмкіндік сыйлайтын Орта дәлізді ұмыт қалдырмауға шақырды. Қазақстанның бұл көлік бағытын дамыту үшін орасан жұмыс істегенін нықтай жеткізуі көршілерді нақты іске жұмылдыруға жасалған әрекеттей көрінді.

– Ел аумағы арқылы 5 халықаралық теміржол дәлізі өтеді. Жақында «Достық – Мойынты» теміржолының екінші желісін іске қостық. Бұл қадам ТрансҚазақстан теміржол дәлізін қарқынды дамытуға ықпал етеді. Жаңа жол жүк тасымалының көлемін 5 есе арттыруға мүмкіндік береді. Бұдан басқа тағы да екі маңызды теміржол салынып жатыр. Осы жобалар аймақтық логистиканы әртараптандыру ісіне тың серпін беретіні анық, – деді Президент.
Қазір Әзербайжанда Зангезур дәлізі бар. Инфрақұрылым құрамына теміржол желісі, мұнай-газ құбырлары, талшықты-оптикалық байланыс желілері кіреді. Әзербайжан Арманиямен бітімге келгелі жобаның ТМҰ үшін ұтымды тұсы көп талқылануда. Бұл мұнай, газ, уран және тағы да басқа тауарларды жеткізу тізбегін әртараптандыруге нағыз мүмкіндік. Егер Орта дәлізді осы бағытпен байланыстыра алсақ, ұйымның сауда-саттығы көрсеткіші бұрын-соңды болмаған деңгейге көтерілуі ықтимал.
Бұдан өзге Әзербайжанның Оңтүстік газ дәлізі, Баку–Тбилиси–Карс теміржолы және Орта дәліз секілді ірі көлік және энергия жобаларындағы рөлі кең. Бұл бастамалар сауда жолдарын қысқартып, ТМҰ-ның балама жол табуына жол ашатыны белгілі.
Қазіргі геосаяси жағдай мен көрші елдерге жасалып жатқан санкциялық қысым кезінде Каспий, Әзербайжан, Түркия арқылы Еуропаға балама бағыттарды дамыту қажеті түсінікті. Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігі үшін де маңызды саналады. Алайда түсіну қажет ерекшелік бар, Орта дәліз – тек Қазақстандыкі емес, көршілерге ортақ игілік. Оны дамыту да бірлесе қаржыландыруды қажет етеді. Президенттің Орта дәліз бойындағы әуе хабтары, теміржол бекеттері және теңіз порттары инфрақұрылымын жаңғыртуға үндеуінің сыры да осында жатыр. Дәліз дамыса, бәрі табысқа кенелмек.
ҚР Көлік министрлігінің деректеріне сәйкес, соңғы бес жылда Транскаспий халықаралық көлік маршруты (Орта дәліз) арқылы тасымал көлемі алты есеге артқан. 2020 жылы 0,8 млн тонна болса, 2024 жылы 4,5 млн тоннаға жеткен. Жалғыз 2024 жылдың өзінде өсім 62%-ды құраған. Бүгінгі таңда маршруттың өткізу қабілеті жылына 6 млн тоннаға жетіп отыр. 2027 жылға қарай бұл көрсеткішті 10 млн тоннаға дейін арттыру жоспарланған. Бұдан әрі Транскаспий халықаралық көлік дәлізіне инвестиция құйылса, 2030 жылға қарай оның өткізу қабілеті жылына 11 миллион тоннаға жетуі мүмкін.
ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ-дің жаһандық экономика және тұрақты даму бөлімінің басшысы Ерлан Жақыповтың сөзінше, Орта дәліз тек транзиттік маршрут емес, сонымен қатар мультипликативті әсерге ие.

– Қазақстан Транскаспий халықаралық көлік маршруты өнеркәсіптік өсімнің, шикізаттық емес секторларды дамытудың және жаһандық экономикаға қатысуды кеңейтудің платформасы ретінде қарастырады. Бұл бағыттағы жобаларды іске асыру ұлттық экономика үшін мультипликативтік әсер тудырып, инфрақұрылымға, логистикаға, өнеркәсіпке және ілеспе қызметтерге инвестиция тартуға серпін береді. Маңызды бағыттардың бірі — мультимодальды хабтарды, логистикалық орталықтарды, порт инфрақұрылымын және цифрлық транзит қызметтерін дамыту. Бұл халықаралық көлік желілерімен терең үйлесімділікті қамтамасыз етуге септеседі, – дейді сарапшы.
Саммитте Мемлкет басшысы көлік-логистика саласын цифрландыруға ерекше көңіл бөлді. Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы Лидия Пархомчиктің айтуынша, ТМҰ көлік-логистика саласындағы ынтымақтастықты «Түркі әлемінің келешегі – 2040» бастамасы негізінде жүргізеді, ал цифрландыруға арналған жобаларды өзге құқықтық құжатқа енгізген.

– 2027 жылға дейінгі өзара көлік байланысы бағдарламасын іске асыру үшін Жол картасы қабылданды. Құжатта жүк тасымалын цифрландыру, электрондық рұқсат құжат беру жүйесі нақты белгіленген. Өңірлік көлік бюросы халықаралық автомобиль тасымалы саласында электрондық рұқсаттар жүйесін (E-PERMIT) енгізуді ілгерілетуде. Жалпы, мұндай шаралар ТМҰ аясындағы сауда рәсімін жеңілдететін болады, – деп атап өтті спикер.
Қауіпсіздік кеңесі пен цифрлық орталықтар
Кейінгі жылдары Қазақстанның ішкі-сыртқы саяси бағдарын цифрлық өзгеріссіз елестету қиын. Мемлекет басшысы елдігі бағытты ТМҰ-мен байланыстыруға бейіл. Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжандағы басқосуда Киберқауіпсіздік кеңесін, Цифрлық инновациялар орталығын, Цифрлық мониторинг орталығын құруды ұсынды. Ұйымның келесі бейресми саммитін «Жасанды интеллект және цифрлық даму» тақырыбына арнау керегін де айтып қалды.
Президенттің айтуынша, түркі мемлекеттері шекараға бағынбайтын жаңа қатермен бетпе-бет келіп отыр. Сондықтан ұйым аясында Киберқауіпсіздік кеңесін құру қажет. Кеңес тұрақтылықты, қауіпсіздік пен бейбітшілікті нығайтуға септеспек. Ал Цифрлық инновациялар орталығының іргетасы Астанада қалануы мүмкін.

– Жуырда Астанада Alem.Ai жасанды интеллект орталығы ашылды. Соның негізінде Түркі мемлекеттері ұйымының Цифрлық инновациялар орталығын құруды ұсынамыз. Бұл Орталық стартаптарды қолдап, бірлескен жобаларды дамытуға жол ашады. Жасанды интеллект саласында тәжірибе алмасуға және венчурлік капитал тартуға мүмкіндік береді. Біз цифрландыру және жасанды интеллектінің әлеуетін халықтарымыздың игілігі үшін ұтымды пайдалануымыз қажет. Сонымен қатар жаңа технологиялардан туындайтын тәуекелдер мен сын-қатерлердің алдын алуымыз керек. Сондықтан келесі жылы Қазақстанда өтетін Ұйымның бейресми саммитін «Жасанды интеллект және цифрлық даму» тақырыбына арнауды ұсынамын. Осы жиынның қарсаңында білікті сарапшылардың басын қосып, халықаралық конференция ұйымдастыруға дайынбыз, – деді Президент.
Мемлекет басшысы Түркі мемлекеттерін цифрландыру ісіне шақырғалы көп уақыт болды. 2022 жылы Самарқанда өткен кезекті саммитте Астана хаб халықаралық технопаркі негізінде Түркі мемлекеттері ұйымының Цифрландыру орталығын құруды ұсынған еді. Ғылым жолын жеңілдету үшін Түркі мемлекеттері ұйымының «Цифрлық кітапханасын» ашуды айтқанын ұмытпадық.
Энергетика, су тапшылығы: болашақ болжамы
Габаладағы саммитте Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің ортақ мәселесі қалыс қалмады. Энергеткалық тапшылық, су ресурсын пайдалану кезіндегі олқылық айтылмай қалған жоқ. Осы орайда Президент ТМҰ аясында Энергия тиімділігі жөніндегі озық тәжірибе кеңесін құруды ұсынды. Оның ішінде Қазақстан, Әзербайжан және Өзбекстан арасындағы жасыл энергия дәлізінің тиімділігін назарға алуды қосқан.
– Жаңартылатын энергия көздеріне, ең алдымен, күн энергиясына айрықша назар аудару қажет деген ойдамыз. Осыған орай, Түркі мемлекеттері ұйымы аясында Энергия тиімділігі жөніндегі озық тәжірибе кеңесін құруды ұсынамыз. Дегенмен мұнай мен газды, уранды, көмірді, сирек кездесетін минералдарды игеру және оларды тиімді пайдалану Қазақстанның энергетикалық стратегиясының негізі болып қала береді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ұйым өзен-суларды ортақ пайдалануда бір шешімге келетін секілді. Саммитте суару жүйесіне цифрлық бақылау орнату, тамшылатып суару әдістерін кеңінен қолдану, су қоймаларының тиімділігін арттыру жөнінде бірлескен бағдарламаның шеті шықты. Енді нәтиже әр мемлекеттің келісім мен ұсынысты қалай қабылдайтынына байланысты болмақ.
Әзербайжандағы басқосуда ел атынан айтылған ұсыныс-пікір мұнымен шектелмейді. Көшбасшылардың сөзіне сүйенсек, Қазақстанда Креативті экономика форумы, Ақсақалдар кеңесі өтіп, Түркі әлемін зерттеушілер клубы құрылады деген долбар бар.

Түркі мемлекеттері ұйымы ХІІ саммитінің қорытындысы бойынша Габала декларациясына қол қойылды