Оттавада ҚР Елшісі Канада ғарыш агенттігінің президентімен кездесті
АСТАНА. Сәуірдің 2-сі. ҚақАқпарат – Сәрсенбі күні Оттавада Қазақстан Республикасының Канададағы Елшісі Ерлан Әбілдаев Канада ғарыш агенттігінің президенті, канадалық танымал астронавт Стив Маклинмен кездесті.
Онда екі елдің ғарыш саласындағы ынтымақтастығы туралы мәселелер талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Сыртқы істер министрлігіне сілтеме жасап. Е.Әбілдаев біздің еліміздегі ғарыш саласының дамуы жағдайымен таныстырды.Канада ғарыш агенттігінің президенті 2009 жылғы мамырдың 27-інде «Союз» кемесінің бортында канадалық астронавт Роберт Тирскінің ғарышқа ұшуы жоспарланып отырғандығын айтты. Ол ғарыш стансысының бортында халықаралық экспедиция құрамында 6 ай болады. Р.Тирскінің алдағы ұшуының ерекшелігі сол, Канада тарихындағы тұңғыш астронавт «Байқоңыр» ғарыш айлағынан зеңгір көкке көтерілгелі отыр.