Оводов жылқысы бейнесі алғаш рет толық қалпына келтірілді

АСТАНА. KAZINFORM – Қытайдың Цзилинь университетінің Биоархеология зертханасы мен америкалық Evolutio LLC компаниясының ғалымдары бірлесіп жүргізген зерттеу нәтижесінде, ежелгі оводов жылқысының морфологиялық бейнесі алғаш рет толық қалпына келтірілді. Зерттеу жұмысы жер бетінен жойылып кеткен түз жануарының жылқылар туысының төртінші дербес тармағы екенін де дәлелдеді. Бұл туралы Синьхуа агенттігі хабарлады. 

Оводов жылқысы бейнесі алғаш рет толық қалпына келтірілді
Фото: Синьхуа

Оводов жылқысы – ежелгі жылқы тұқымдас жануар. Оның тасқа айналған қалдықтары алғаш рет Оңтүстік-Батыс Сібірдегі кейінгі плейстоцен кезеңіне жататын үңгірлердің бірінен табылған. Алайда табылғаны толық бас сүйек емес, тек төменгі жақ сүйегінің сынықтары мен бірен-саран азу тіс қана еді. Кейін оводов жылқысының сүйектері Солтүстік Америка, Африка, Сібір және Солтүстік-Шығыс Қытай өңірлерінен де анықталды. Бірақ, жинақталған деректердің негізінен майда-шүйде сүйек сынықтарынан тұруына байланысты жылқы тектес осы жануардың түр-тұлғасының нақты қандай болғаны палеонтология ғылымының шешілмеген жұмбақтары қатарында болып келген еді.

2022 жылы Цзилинь университеті мен Солтүстік-Батыс ауыл және орман шаруашылығы университетінің бірлескен зерттеу тобы оводов жылқысының жоғары сапалы толық геномдық деректерін алып, осы бағытта алғашқы маңызды жетістікке қол жеткізді. Осы негізде биыл Қытай мен АҚШ ғалымдары бірлескен ғылыми жобаны іске асырды. Ғалымдар салыстырмалы анатомия әдісін қолдана отырып, оводов жылқысының қазба қалдықтарын қазіргі құлан, жылқы және жылқы туысына жататын өзге жануарлар деректерімен жүйелі түрде салыстырды. Соның нәтижесінде алдымен қаңқа құрылысы, соңынан бұлшықет пішіні қалпына келтірілді, ақырында жануардың жалпы сыртқы бейнесі қайта жаңғыртылды.

Зерттеу мәліметіне сәйкес, оводов жылқысы– жылқы туысына жататын үй жылқысы, зебра (теңбіл құлан) және есек тармақтарынан бөлек төртінші дербес түр. Ол эволюциялық тұрғыда шамамен 2,7-2,3 млн жыл ілгері жеке тармақ ретінде қалыптасқан. Туыстық байланысы жағынан оводов жылқысы есек пен зебраға жақынырақ, үй жылқысынан алшақтау. Зерттеу жұмысы әртүрлі тармақтар арасында генетикалық алмасу болғанын да нақтылады. Оводов жылқысы қола дәуіріне дейін өмір сүріп, сосын толықтай жойылған.

Зерттеушілердің айтуынша, аталған ғылыми жұмыс «ежелгі геномдық деректер – тасқа айналған қалдықтар – нақты морфологиялық келбет» арасындағы толық зерттеу тізбегін қалыптастырды. Молекулалық деңгейдегі эволюциялық ақпарат арқылы ежелгі жануардың нақты сыртқы пішінін қалпына келтіруге мүмкіндік берген зерттеу алдағы уақытта жылқы туыстастарының эволюциясын анықтауға, ежелгі омыртқалылар морфологиясын нақтылауға және археологиялық қазба кезінде табылған жануарлар сүйегін ажырауға ғылыми негіз болмақ.

Бұған дейін Қытайда жүк кемесі өртеніп, 25 адам қаза тапқаны хабарланған болатын.