Оянбай қалуыңыз мүмкін: Жылыту маусымында қандай қауіпсіздік ережелерін қаперден шығармау қажет

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Жылыту маусымында пешті дұрыс пайдаланбау, мұржаны тазаламау және қауіпсіздік талаптарын сақтамау қайғылы жағдайларға әкелуі мүмкін. Осыған байланысты Kazinform тілшісі ШҚО ТЖД аға инженері, азаматтық қорғау капитаны Тілек Манарұлымен жылыту маусымындағы қауіпсіздік туралы сұхбаттасты.

пеш жағу
Фото: Kazinform/ЖИ

— Жер үйлерде жылыту маусымында қандай төтенше жағдайлар жиі тіркеледі?

— Көбіне иіс тию жағдайлары болып жатады. Мұржасы тазаланбай, пеш бітеліп қалғанда көміртегі тотығы тарайды. Одан соң пеш жаққандағы қауіпсіздік ережелерінің сақталмауы салдарынан өрттер жиі шығады.

а
Фото: Тілек Манарұлының жеке мұрағатынан

— Пешті пайдалану кезінде тұрғындар көбіне қандай қателіктер жібереді?

— Апатты жағдайда тұрған пештерді пайдаланатындар кездеседі. Одан соң халық сызат түскен, тазаланбаған пештерді жағып жатады. Пешті жағып, қараусыз қалдырып кеткен де қауіпті. Әсіресе үйде балалар болса.
Ең бастысы, пеш жылыту маусымына дайын болуы тиіс, яғни, қауіпті сызаттар болса оны жөндеп, мұржасын тазалап қою керек. Сондай-ақ тез жанатын сұйықтықтарды пайдаланатындар да болады. Бұған қатаң тыйым салынған. Пештің маңайына, үстіне киім жайып, аяқ киім кептіруге, жиһазды пешке жақын қоюға болмайды. Пешті үнемі тексеріп, саңылауы болса бітеп тастаған абзал.

— «Пешті бір рет тексертіп алдым, енді бірнеше жыл уайымдамаймын» деген түсінік қаншалықты дұрыс? Пеш пен мұржаны қаншалықты жиі тексеру қажет?

— Біз жер үйлерге рейдтерге шыққанда үнемі тұрғындарға пешті кем дегенде айына бір рет тазалап отыру қажеттігін түсіндіреміз. Себебі мұржа тез бітеліп қалады. Ал тексеру жиілігіне келсек, үнемі қарап отырыңыздар. Әсіресе жылыту маусымы басталмай тұрғанда мұқият тексеріп, пешті сақадай сай дайындап қойған жөн.

а
Фото: ШҚО ТЖД

— Мұржаның бітелуі қаншалықты қауіпті?

— Бұл өте қауіпті. Адам пеш жағып қойып, ұйықтап қалуы мүмкін. Ауаға көміртегі тотығы тарап ол мүлде оянбай қалу қаупі бар. Сондықтан барынша абай болу керек.

— Көміртегі тотығын «үнсіз жау» деп атайды. Адам оның тарағанын қандай да бір белгі арқылы сезе ала ма?

— Көміртегі тотығының ауаға тарағанын анықтайтын арнайы датчиктер болады. Оны сатып алу оп-оңай. Интернет дүкендер арқылы да тапсырыс бере аласыз. Датчик қауіпті бірден байқап, белгі береді.

а
Фото: ШҚО ТЖД

Сондықтан біз әлеуметтік тұрғыда осал санаттағы азаматтардың үйлеріне осындай құрылғыларды тегін орнатамыз. Соңғы алты жылда облыс бойынша 17 мыңнан астам датчик орнатылды. Олардың уақтылы жұмыс істеуінің арқасында 45 адам құтқарылды.

Адам бойында әлсіздік пайда болып, қайта-қайта ұйқы қыса бастаса бұл үй ішіне көміртегі тотығы тарап кеткенінің белгісі болуы әбден ықтимал. Сол үшін осындай симптомдар байқалса қаперсіз қалмаңыз. Әсіресе үйде балалар немесе қарттар ғана қалатын болса өте қауіпті. 

а
Фото: ШҚО ТЖД

— Егер адам пеш жағылған үйде басы ауырып, жүрегі айнып, әлсіздік сезінсе, ең бірінші не істеуі керек?

— Лезде далаға шығып кету керек. Әйтпесе есінен танып қалуы мүмкін. Сосын үй ішін желдетіп, пешті жөндеу қажет.

— Адам пештен өрт шыққанын байқады делік. Алғашқы бірнеше минутта қандай әрекет жасау керек?

— Ондай кезде де бірден сыртқа шығыңыз. Қарттар және басқа да адамдарға шығуға көмектесуге тырысыңыз. Ауыз-мұрынды дымқыл шүберекпен жауып алыңыз. Мейлінше тез өрт сөндірушілерге қоңырау шалып, жағдайды айтыңыз.

— Өткен жылыту маусымында көміртегі тотығынан қанша адам зардап шекті?

— Былтырғы жылыту маусымы кезінде Шығыс Қазақстан облысы бойынша 21 адамға иіс тиді. Уланып қалған 6 адам көз жұмды.

Скорая помощь, Жедел жәрдем
Фото: Мақсат Шағырбаев/ Kazinform

— Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзған үй иесіне қандай жауапкершілік қарастырылған?

— Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзғаны немесе орындамағаны үшін жеке тұлғаларға ескерту жасалуы немесе 5 АЕК (21 625 теңге) мөлшерінде айыппұл салынуы мүмкін. Ал лауазымды тұлғаларға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға 15 АЕК (64 875 теңге), орта кәсіпкерлік субъектілеріне — 50 АЕК (216 250 теңге), ал ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 150 АЕК (648 750 теңге) мөлшерінде айыппұл қарастырылған. Егер заңбұзушылық бір жыл ішінде қайталанса жауапкершілік күшейтіледі. Бұл жағдайда жеке тұлғаларға 10 АЕК (43 250 теңге), лауазымды тұлғаларға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға 20 АЕК (86 500 теңге), орта кәсіпкерлік субъектілеріне 100 АЕК (432 500 теңге), ал ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 250 АЕК (1 081 250 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады. Өрт шығып, адамға немесе мүлікке зиян келсе жауапкершілік одан әрі күшейе түседі.

Өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау — тек айыппұлдан сақтану үшін емес, ең алдымен адам өмірін қорғау үшін қажет. Қарапайым қауіпсіздік талаптарын орындамау өрттің шығуына, материалдық шығынға, адамның денсаулығына зиян келуіне, тіпті адам өліміне алып келуі мүмкін.

— Құтқарушылар жеке үйлерді аралап, қауіпсіздік талаптарын түсіндіреді. Тұрғындардың бұл ескертулерге көзқарасы қандай?

— Әр адам әр түрлі ғой. Кейбіреулер дұрыс түсініп, олқылықтардың орнын бірден толтырады. Ал кей жандар құлақ аспай, пештегі ақауды жөндеуді созып жүре береді. Соның салдарынан да қайғылы оқиғалар болып жатады. Сол үшін халықты ескертулерге немқұрайлы қарамауға шақырамыз.

Еске салсақ, бұған дейін ШҚО-ға жылыту маусымына 3 млн тоннадан астам көмір қажеттігін жазғанбыз.