Өзбекстан 2028 жылы «Mirzo Ulug’bek» спутнигін ғарыш кеңістігіне шығарады
ТАШКЕНТ. KAZINFORM — Өзбекстан ғылыми зерттеу жүргізуге арналған «Mirzo Ulug’bek» тұңғыш отандық спутнигін 2028 жылы ғарыш кеңістігіне шығаруды жоспарлап отыр. Бұл туралы президент Шавкат Мирзиёевтің төрағалығымен өткен кеңесте мәлім болды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Кейінгі 5 жылда Өзбекстанда Жерді қашықтықтан зондтау деректеріне сұраныс 3 есеге артқан. Бүгінде ғарыш мониторингі жүйесімен оннан астам мемлекеттік орган жұмыс істейді.
— Ең бастысы — ғарыштан алынған деректер арқылы біз жаңа экономикалық мүмкіндіктерді анықтап, оларды нақты табыс көзіне айналдырамыз. Бұл мемлекеттік ресурстарды басқару тетіктері мен мәдениетінің өзгеріп жатқанын айғақтайды, — деді Шавкат Мирзиёев.
Сонымен қатар, кеңесте ғылыми зерттеу жүргізетін алғашқы ұлттық жерсерікті құрастыру жобасы талқыланды. Тиісінше, Өзбекстан президентіне аталған сала бойынша мамандарды даярлау, инженерлер тобын жасақтау және 2028 жылы ғарышқа «Mirzo Ulug’bek» спутнигін ұшыру ұсынылды.
Бұған қоса, Шавкат Мирзиёев тұңғыш өзбек ғарышкерін дайындау және оны ғарыш кеңістігіне шығару жұмыстарына тоқталып, мұның стратегиялық міндет екенін атап өтті.
— Бұл жай ғана символдық мәнге ие бастама емес, ол еліміздің ғылыми әлеуетін арттыруға бағытталған, — деді Өзбекстан басшысы.
Жиналыста мәлім болғандай, ғарышкердің сапар кестесі 10-14 күнге жоспарланған. Ол космоста медицина, биология және өсімдік генетикасы бағыттарында зерттеу жұмысын жүргізуі тиіс.
Еске салайық, бұған дейін Өзбекстан космосқа өз ғарышкерін жіберу үшін дайындыққа кірісетінін жазып едік.
Қоса кетсек, биыл Өзбекстан мен Қытай ғарышқа Жерді қашықтықтан зондтайтын спутник ұшыруды жоспарлап отыр.