Өзбекстан АЭС-ке қажетті салқындату жүйесін Мажарстаннан алады

ТАШКЕНТ. KAZINFORM — Uzatom агенттігі мен Мажарстанның «MVM EGI» мемлекеттік кәсіпорны атом энергетикасы саласындағы ынтымақтастық келісіміне қол қойды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Өзбекстан АЭС-ке қажетті салқындату жүйесін Мажарстаннан алады
Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

Құжатқа сәйкес, «MVM EGI» кәсіпорыны Өзбекстанда бой көтеретін атом электр станциясына қажетті құрғақ салқындату жүйесін құрастырып, оны энергетикалық нысанға бейімдеп орнатады.

Бұған қоса тараптар ғылыми зерттеу жүргізу, өндірісті Өзбекстан аумағына көшіру және қажетті инфрақұрылым жасақтауға уағдаласты. Ресми Ташкент пен Будапешт АЭС-ке қажетті мамандарды бірлесіп оқытуға да ниетті.

Өзбекстан АЭС-ке қажетті салқындату жүйесін Мажарстаннан алады
Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

Uzatom агенттігінің директоры Азим Ахмедхаджаевтың сөзінше, Мажарстан құрғақ салқындату жүйесін құрастыруды 2026 жылы бастайды.

Еске салайық, бұған дейін Өзбекстан билігі ірі АЭС салу мүмкіндігін қарастырып жатқанын жазған едік.

Сонымен қатар қазіргі уақытта ресми Ташкент аз қуатты АЭС салуға кірісті. Әрқайсысының қуаты 55 МВт болатын 6 реактор (жалпы қуаты — 330 МВт) Джизак облысындағы Тузкан көлінде бой көтереді. АЭС-тің алғашқы реакторы 2029 жылдың соңында іске қосылмақ. Ал ол толық қуатта 2033 жылдан бастап жұмыс істейді деп жоспарланған.

Жақында Kazinform агенттігіне сұхбат берген Uzatom агенттігінің директоры Азим Ахмедхаджаев энергетикалық нысанның құны 2 млрд доллардан аспайтынын айтты.

Осыған сай, Өзбекстан мен Ресей АЭС салу келісімшартының күшіне ену хаттамасына қол қойды.

Сондай-ақ АЭС салу үшін халықаралық консорциум құрылады.

Соңғы жаңалықтар