Өзбекстан BYD электромобильдерін Қазақстан мен Ауғанстанға экспорттамақ
ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Өзбекстанның Жизақ облысында орналасқан BYD кәсіпорны өз өнімін аймақ елдеріне экспортауды жоспарлап отыр. Бұл туралы аталған өңірдің әкімі Улугбек Мустафоев мәлім етті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі.
Әкімнің айтуынша, инфрақұрылымды дамыту есебінен облыстың инвестициялық тартымдылығын арта түсті.
- Сіздің қолдауыңыздың арқасында кейінгі 10 жылда Жизақ облысы аграрлық аймақтан өнеркәсіптік өңірге айналды. Бұл ретте облыстағы инфроқұрылымдық жобаларды дамыту арқылы инвестиция ағыны артты, - деді Улугбек Мустафоев президент Шавкат Мирзиёевке есеп бере отырып.
Сонымен қатар ол BYD компаниясы алғаш рет аймақ мемлекеттеріне электромобиль экспортын бастайтынын айтты.
- BYD кәсіпорны алғаш рет Қазақстанға электромобиль экспортын бастайды. Біз сондай-ақ, көліктерді Термезге және оны одан әрі Ауғанстанға жеткізуді жоспарлап отырмыз, - деді облыс әкімі.
Еске салайық, былтыр Өзбекстан шет елдерден 1,1 млрд долларға 79 822 көлік импорттады. Жалпы импорттың 71,2% (56 832 көлік) электромобильдерге тиесілі. Осылайша, былтыр мұндай темір тұлпарларды сатып алу көрсеткіші екі есе өсіп, оның сомасы 700 млн доллардан асты.