Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Өзбекстан экстремизм туралы заңды жеңілдетіп, интернеттегі бақылауды күшейтті

АСТАНА. KAZINFORM — Өзбекстан БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі сарапшыларының сынынан кейін экстремизмге қатысты заңнаманың кейбір нормаларын жеңілдетті. Алайда экстремистік деп танылған материалдар мен ұйымдарға қатысты мемлекеттік бақылаудың кең ауқымды өкілеттіктері сақталды, деп хабарлайды ANEWZ.

Өзбекстан экстремизм туралы заңды жеңілдетіп, интернет бақылауын сақтады
Фото: ANEWZ

Алғаш рет заң бұзғандарға жаза жеңілдетілді

Бұл өзгерістер Ташкент биыл жыл басында экстремизм мен терроризмге байланысты қылмыстардың кең ауқымын қамтитын күрес жүйесін күшейткеннен кейін енгізілді.

Мамыр айында ұсынылған түзетулер жобасына сәйкес, қоғамдық қауіпсіздікке қатер төндіретін материалдарды дайындауға немесе сақтауға байланысты құқық бұзушылықты алғаш рет жасаған адамдар қылмыстық емес, әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін.

Түзетулер сондай-ақ «бейресми құрылымдарды» ұйымдастыру, басқару немесе олардың қызметіне қатысуға байланысты жазаны саралауды көздейді. Бұған дейін мұндай әрекеттерге қатысушылардың барлығына 10-15 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін еді.

Онлайн қара тізім кеңейіп келеді

Өзбекстанның Жоғарғы соты интернеттегі экстремистік және террористік материалдардың қара тізімін кеңейтуді жалғастырып келеді. The Diplomat басылымының мәліметінше, тізімдегі онлайн-жазбалардың саны 2025 жылғы қаңтарда шамамен 1600 болса, 2026 жылғы сәуірде 1800-ден асты. Олардың басым бөлігін Telegram арналарындағы материалдар мен жарияланымдар құрайды.

Экстремизм ұғымының тым кең анықтамасына қатысты алаңдаушылық бар

Құқық қорғау ұйымдары экстремизмнің тым кең анықтамалары діни көзқарасты білдіру мен сөз бостандығын қылмыс деп тануға әкелуі мүмкін екенін бұған дейін де ескерткен. Соңғы өзгерістер жеңілірек құқық бұзушылықтар үшін жазаны жұмсартқанымен, құқық қорғау органдарының кең ауқымды өкілеттіктері сақталып отыр.

Айта кетейік, Өзбекстанда адам саудасы қылмысының құрбандарын қорғау жүйесі жетілдірілмек.