Өзбекстан халқының саны 38,5 млн адамнан асты
АСТАНА. KAZINFORM – Өзбекстанның тұрақты халқының саны биылғы бірінші жартыжылдықта былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 1,7 пайызға өсіп, 38 млн 519 мың 500 адамға жетті, деп хабарлайды Анадолу.
Өзбекстан Мемлекеттік статистика комитетінің қаңтар–маусым айларына арналған демографиялық деректеріне сәйкес, елдегі халық тығыздығы былтырғы сәйкес кезеңдегі бір шаршы шақырымға 84,3 адамнан 85,8 адамға дейін артқан.
1 шілдедегі жағдай бойынша халық саны 38 млн 519 мың 500 адамды құрады. Бұл былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 1,7 пайызға көп.
Қалаларда 19 млн 608 мың 900 адам, ауылдық жерлерде 18 млн 910 мың 600 адам тұрады. Ерлер жалпы халық санының 50,4 пайызын, әйелдер 49,6 пайызын құрайды.
Қаңтар–маусым айларында елде 373 мың 400 сәби дүниеге келді. Бұл былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 32 мың 100-ге аз. Осы кезеңде 86 мың 900 адам қайтыс болды. Халықтың табиғи өсімі 286 мың 500 адамды құрады.
Деректерге сәйкес, биылғы бірінші жартыжылдықта шетелден Өзбекстанға 1 649 адам көшіп келсе, 5 422 адам шетелге қоныс аударған.
Халық санының ең жоғары өсімі Сурхандария облысы мен Ташкент қаласында тіркелді – әрқайсысында 2,1 пайыз. Халқы ең көп өңір ретінде 4 млн 413 мың 700 тұрғыны бар Самарқанд облысы қалып отыр.
Айта кетейік, бұған дейін жарты жылда 4,5 мыңнан астам қазақстандық Өзбекстанға емделу үшін барғанын жаздық.
Сондай-ақ Әзербайжанда халық санының 10 миллионнан асқаны белгілі болды.