Жарты жылда 4,5 мыңнан астам қазақстандық Өзбекстанға емделу үшін барған
ТАШКЕНТ. KAZINFORM — Қаңтар-маусым айлары аралығында ем алу мақсатында Өзбекстанға 35 мыңнан астам шетелдік келген, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі.
Өзбекстан Ұлттық статистика комитетінен мәлім еткендей, медициналық қызметтер алу үшін аталған мемлекетке ең көп келгендер — Тәжікстан (19 мың адам) мен Қырғызстан (9,5 мың адам) азаматтары.
Одан кейін қазақстандықтардың үлесі басым. Биыл 6 айда дертіне дауа іздеген 4 582 Қазақстан азаматы Өзбекстанға барған.
Келесі орындарда Ауғанстан (1,2 мың адам) және Ресей (772 адам) тұр.
Еске салайық, жарты жылда 1,5 миллионнан астам қазақстандық Өзбекстанға саяхаттап барған.
Сондай-ақ, отандық инвесторлар бір айда Өзбекстанда 20-дан астам компания құрды.