Өзбекстан Қазақстаннан 500 киік алу бойынша келіссөз жүргізіп жатыр
ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Қазақстан мен Өзбекстан киік популяциясын сақтауға бағытталған берліскен меморандум қабылдау мүмкіндігін зерделеп жатыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Өзбекстан Экология министрлігінің баспасөз қызметі қазіргі уақытта қос елдің жауапты ведомстволары арасында келіссөз жүргізіп жатқанын растады. Құжатты биыл тамыз айында қабылдау жоспарланып отыр.
Меморандум аясындағы келіссөздерде өзбек тарапы Қазақстаннан шамамен 500 киік лағын алып, оны өз аумағына жерсіндіру бастамасын көтерді. Министрліктің мәліметінше, мамандар ақбөкендердің Өзбекстан климатына бейімделуін зерттемек.
Сонымен қатар, қабылдануы мүмкін құжатта ақбөкендердің есебін жүргізуге қатысты бірлескен шаралар легі жазылған. Киік популяциясын бақылап отыру үшін Қазақстан мен Өзбекстан деректер базасын интеграциялап, мәліметтерді бір платформаға жинақтауға ниетті.
Тоқтала кетсек, қазіргі уақытта Өзбекстан аумағында 100 шақты киік қалды. Бұл ретте шекара қоршаулары ақбөкендердің табиғи миграциясын шектеп тастады.
Еске салайық, биыл 17 маусымда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай үкіметіне 1,5 мың киікті тарту ететінін мәлімдеді. Кейін Экология және табиғи ресурстар министрлігі аталған бастамаға қатысты пікір білдірді.