Өзбекстан мектептері жаңа әліпбиге қашан көшеді
АСТАНА. KAZINFORM — Өзбекстандағы мектеп оқулықтары жаңартылған өзбек әліпбиіне 2027-2031 жылдар аралығында кезең-кезеңімен көшіріледі, деп хабарлайды Kazinform агенттігі Podrobno басылымына сілтеме жасап.
Әуелі жаңа әліпбиге бірінші сынып оқушылары арналған оқулықтар көшіріледі. Бұл үшін оларға жаңа кітаптар басып шығарылады.
Бұл туралы Өзбекстан Сенатының отырысында Мектепке дейінгі және мектептік білім министрінің орынбасары Әзизбек Турдиев мәлімдеді.
Оның айтуынша, жаңа әліпбиге көшу оқулықтарды жоспарлы түрде жаңартумен қатар жүргізіледі.
Қазір оқулықтар белгіленген мерзімге сәйкес жаңартылып отырады: 1-сынып оқулықтары жыл сайын, 2-4-сынып оқулықтары үш жылда бір рет, ал 5-11-сынып оқулықтары бес жылда бір рет қайта басылады.
Сондықтан 2027 жылдан бастап оқулықтарды жаңарту мерзімі келген сайын олар жаңа әліпби негізінде шығарыла бастайды.
Еске салайық, бұған дейін 10 қыркүйекте Өзбекстан Сенаты латын графикасына негізделген өзбек әліпбиіне өзгерістер енгізуді көздейтін заңды мақұлдады. Енді әліпби қолданыстағы 26 әріп пен үш әріп тіркесінің орнына 28 әріп және бір апостроф белгісінен тұрады.