Өзбекстан мен Түркия 2026 жылға арналған әскери ынтымақтастық келісіміне қол қойды
ТАШКЕНТ. KAZINFORM — Өзбекстанның Қорғаныс министрі Шухрат Халмухамедов пен Түркияның Ұлттық қорғаныс министрі Яшар Гюлер Анкарада 2026 жылға арналған әскери ынтымақтастық келісіміне қол қойды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Ведомстводан мәлім еткендей, тараптар шағын құрамда кездесіп, өңірлік қауіпсіздік, қорғаныс өнеркәсібін дамыту және екі ел қарулы күштерінің арасындағы іс-қимылды үйлестіру мәселелерін талқылады.
2026 жылға арналған ынтымақтастық келісімі әскери бөлімшелердің бірлескен оқу-жаттығуын ұйымдастыру, тәжірибе алмасу, сондай-ақ әскери медицинаны дамыту жоспарларын қамтиды.
Еске салайық, Өзбекстан билігі елдің Қорғаныс доктринасына өзгеріс енгізуге ниетті. Сондай-ақ, ел үкіметі Ұлттық қауіпсіздік тұжырымдамасын қайта қарауды жоспарлап отыр.