Өзбекстан Президенті Әкімшілігінің басшысы Саида Мирзиёеваға жаңа өкілеттік берілді
ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевтің «Мемлекеттік басқару жүйесіндегі тиімділік пен нәтижені арттыруға бағытталған шаралар туралы» жарлығына сай, Саида Мирзиёеваға жаңа өкілеттілік берілді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Құжатта жазылғандай, Президент Әкімшілігіндегі кадр, ұйымдастыру және сараптама мәселелері бойынша негізгі өкілеттіктер Саида Мирзиёеваға өтті. Тиісінше, оған президент кеңесшілері мен әкімшілікке қарасты бөлімше бастықтарының орынбасарларын, хатшылықтың жетекшісін және өзге де басшылық лауазымдағы тұлғаларды қызметінен босату немесе тағайындау құқығы берілді.
Бұдан басқа, Президент Әкімшілігінің басшысы даму стратегиялары мен бағдарламаларды жүзеге асыру үшін отандық және шетелдік мамандар мен сарапшыларды тартуға құқылы. Оларға ұсынылатын еңбекақы мөлшерін және оны қандай валютада төлейтінін Саида Мирзиёева өзі шешеді.
Шавкат Мирзиёевтің жарлығына сәйкес, Саида Мирзиёеваға екі аптаның ішінде Президент Әкімшілігі қызметкерлерінің жұмысын бағалау, оларды аттестациядан өткізу және қабілетті кадрларды іріктеу міндеті жүктелді.
Шавкат Мирзиёевтің кеңесшілері мен Президент Әкімшілігіне қарасты құрылымдық бөлімшелердің жетекшілері 10 күн ішінде жауапты салаларын дамыту бойынша ұсыныс әзірлеп, жоспарды Саида Мирзиёеваның қарауына енгізуі тиіс.
Еске салайық, бірнеше күн бұрын Өзбекстан басшысы Президент Әкімшілігінің жаңа құрылымын бекітті. Оған сай, енді Президент Әкімшілігі басшысының 5 орынбасары болады. Олар білім беру, кәсіпкерлік сала, сот-құқық жүйесі, денсаулық сақтау мен су ресурстары бағыттарындағы жобалардың іске асуын қадағалайды.
Мұнымен бірге, стратегиялық даму және сыртқы саясат жөніндегі президент кеңесшілері лауазымы енгізілді.
Сондай-ақ, қаржы технологиялары, цифрландыру және жасанды интеллект, креативті экономика, қоғамдық қауіпсіздік, президенттің аймақтарға жасайтын сапарларына орай талдау материалдарын әзірлейтін коммуникациялар департаменттері құрылды.
Еске салайық, биыл 23 маусымда Шавкат Мирзиёевтің жарлығымен Президент Әкімшілігінің басшысы лауазымы қайта жасақталды. Тиісінше, оны бұрын мемлекет басшысының көмекшісі болған Саида Мирзиёева иеленді.
Нақтылай кетейік, Шавкат Мирзиёев 2023 жылдың тамызында Өзбекстан Президенті Әкімшілігінің құрылымына реформа жасады. Кейін Президент Әкімшілігінің басшысы лауазымы жойылды. Сәйкесінше, президент көмекшілерінің қатары көбейді. 2022-2023 жылдар аралығында Президент Әкімшілігін Сардор Умурзаков басқарған еді.