Өзбекстан президенті Қазақстанмен Одақтастық туралы шартты ратификациялады
Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев Қазақстанмен Одақтастық қатынастар туралы шартты ратификациялайтын заңға қол қойды, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі елдің Әділет министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Шарттың негізгі мақсаты – екі елдің дербестігін, аумақтық тұтастығын және орнықты экономикалық дамуын одан әрі нығайтуға бағытталған мемлекетаралық қатынастардың жаңа кезеңін құқықтық тұрғыдан бекіту.
Құжат сыртқы саясат, қорғаныс және қауіпсіздік, көші-қон, өнеркәсіптік кооперацияны дамыту, трансшекаралық су ресурстарын ұтымды пайдалану жөнінде бірлескен шаралар қабылдау, парламенттер, саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдар арасындағы байланыстарды нығайтуға бағытталған өзара іс-қимылдар кешенін қамтиды.
Сонымен қатар екіжақты қарым-қатынасты одан әрі нығайту мақсатында мемлекет басшылары басқаратын Жоғары мемлекетаралық кеңес құрылады. Онда одақтастық қатынастарды дамытудың стратегиялық бағыттары айқындалып, ең маңызды мәселелер талқыланады.
Еске салайық, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзиёев Одақтастық қатынастар туралы шартқа былтыр 22 желтоқсанда Ташкентте қол қойған болатын.