Өзбекстан үкіметі ЖИ-ді енгізе отырып, 2 мыңнан астам шенеунікті жұмыстан босатпақ

ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев «Цифрландыру есебінен республикалық атқарушы билік органдарындағы басшылық штатты қысқарту туралы» Жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Өзбекстан үкіметі ЖИ-ді енгізе отырып, 2 мыңнан астам шенеунікті жұмыстан босатпақ
Фото: ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

Құжатта жазылғандай, 1 қарашадан бастап атқарушы билік органдарында басшы лауазымын иеленіп отырған 2 141 қызметкердің штаты қысқарып, олардың міндеті енгізіліп жатқан жасанды интеллектіге жүктеледі.

Атап айтқанда, Салық комитеті (498 адам), Су шаруашылығы министрлігі (224 адам), Ауыл шаруашылығы министрлігі (218 адам), Әділет министрлігі (197 адам) Экология министрлігі (176 адам), Жұмыспен қамту және кедейлікті қысқарту министрліктерінің (163 адам) мамандары жұмыстан босатылады.

Оған қоса, комитет, агенттік және инспекция басшысының орынбасары лауазымдары жойылады. Қысқартудан кейін мемлекеттік органдардағы басқарушылық құрамының саны 46 989 адам болмақ.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, 2026 жылдан бастап өзбекстандық оқушыларға жасанды интеллект негіздерін оқыту жоспарланып отыр.

Сондай-ақ Өзбекстан үкіметі жемқорлықпен күрес үшін мемлекеттік сатып алу жүйесіне жасанды интеллектіні енгізуді жоспарлап отыр.

Соңғы жаңалықтар