Өзбекстан жоспардан тыс электр энергиясын алғаны үшін «KEGOC»-қа 15,9 млн. доллар төлейді

АСТАНА. 31 қаңтар. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Өзбекстан жоспардан тыс электр энергиясын алғаны үшін «KEGOC»-қа 15,9 млн. доллар төлейді.

 Өзбекстан жоспардан тыс электр энергиясын алғаны үшін «KEGOC»-қа 15,9 млн. доллар төлейді

Бұл туралы бүгін елордада аталған компанияның басқарма төрағасы Бақытжан Қажиев мәлім етті.

Оның атап өтуінше, ағымдағы күз-қыс кезеңі басталар кезде Өзбекстанның энергия жүйесі еліміздің Бірыңғай энергетикалық желісінен санкцияланбаған электр қуатын алуды жүзеге асырған. Соның салдарынан бірқатар техникалық қателіктер орын алып, республиканың орталық және оңтүстік өңірлерінің тұтынушыларын электрмен жабдықтау көлемі айтарлықтай шектеліп, Қазақстанның Солтүстік-Оңтүстік транзитінде үзіліс орын алған. Осыған орай Қазақстан Орталық Азия бірыңғай энергия жүйесінен өзінің шығуы мүмкін екендігін мәлім еткен болатын. Өткен жылдың 26 және 29 желтоқсанында өткен кездесу барысында «Өзбекэнерго» мен «KEGOC» АҚ-ның арасында өзбек тарапының Қазақстанның Бірыңғай энергетикалық желісінен алынған электр энергиясының жоспардан тыс көлемін сатып алуы және электр қуаттарын реттеу жөніндегі қызметтерді ұсынуы туралы 2 келісімшартқа қол қойылған еді.

«Соңғы ақпараттар бойынша «Өзбекэнерго» және «Қырғызстанэнерго» бізден бөлінбеуді өтініп отыр. Бұл мәселе қазіргі уақытта шешілуде», деп атап өткен басқарма төрағасының айтуынша, алдын ала есептеулер бойынша өзбек тарапы Қазақстанға шамамен 15,9 млн. доллар төлейді. «Қазіргі күні олар қаңтардың ішінде ғана шамамен 7,5 млн. доллардың жоспардан тыс электр энергиясын алып отыр. Олар барлық соманы 5 ақпанға дейін өтеу үшін төлем кестесін әзірлеуді сұрауда», - деді Б.Қажиев.