Өзбекстанда алтын құймалар мен монеталардың құны рекордтық деңгейде қымбаттады

ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Бүгін Өзбекстан банктеріндегі алтын құймалар мен монеталардың бағасы қымбаттап, бұған дейін тіркелген тарихи көрсеткіштен асып түсті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі Әлихан Асқар.

Өзбекстан
Фото: pixabay.com

Өзбекстан Орталық банкінің дерегіне сай, қазір бір грамм алтын 915 мың сумға (32 567 теңге) бағаланып отыр. Бұл 26 наурыздағы құнға қарағанда 0,9%-ға қымбат. Ал салмағы 5 грамм болатын алтын құйманың бағасы 4,575 млн сумға (162 мың теңге) тең.

Алайда, қымбат металдың әлемдік нарықтағы құны өткен аптамен салыстырғанда біршама арзандады. 20 наурызда алтынның унциясы (31,1 грамм) 2 200 доллар болса, бүгінде ол 2 180 доллардың шамасында.

Айта кетейік, аталған қымбат металдың бағасы наурыз айының басында бірнеше рет рекордтық көрсеткішке жеткен болатын. Атап айтқанда, бір апта ішінде 5 грамм алтын құймасы бірден 200 мың сумға (7 153 теңге) қымбаттады, ал 12 наурызда оның құны алғаш рет 4,5 млн сумға (160 мың теңге) жетті.

 

Соңғы жаңалықтар