Өзбекстанда автобус жолағына түскен көлік жүргізушілеріне айыппұл салынбақ

ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Өзбекстанда автобус пен арнайы техникаға арналған жолақпен жүрген көлік жүргізушілеріне айыппұл салу жоспарланып отыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Өзбекстанда автобус жолағына түскен көлік жүргізушілеріне айыппұл салынбақ
Фото: Олий Мажлистің Заң шығару палатасы

Олий Мажлистің Заң шығару палатасынан мәлім еткендей, жауапты комитет қоғамдық көлікті пайдалану тиімділігін арттыруға бағытталған жаңа заң жобасын әзірлеп жатыр.

Атап айтқанда, Өзбекстанның Әкімшілік жауапкершілік туралы кодексіне қоғамдық көлік үшін бөлінген арнайы жолаққа түскен жүргізушілерге айыппұл салуды көздейтін бап енгізу ұсынылды.

Оған сай, бірінші рет жасалған құқық бұзушылық үшін 3 базалық есептік шама (шамамен 47 мың теңге) мөлшерінде айыппұл салынса, қайталанған жағдайда жүргізушілер 5 базалық есептік шама (71 мың теңге) көлемінде айыппұл арқалайды.

Айта кетейік, Қазақстанның Әкімшілік құқық бұзушылық Кодексінің 601 бабына сай, белгіленбеген жерден автобус жолағына түскен жүргізушілерге 3 АЕК (11 076 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады. Егер бір жыл ішінде осындай әрекет қайталанатын болса, онда ережені сақтамаған азамат 10 АЕК (36 920 теңге) төлеуі тиіс.

Соңғы жаңалықтар