Өзбекстанда Орталық Азияның рухани мұралары жайлы халықаралық конгресс өтіп жатыр

ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Бүгін Ташкентте «Орталық Азиядағы рухани мұра және ағартушылық» халықаралық конгрессі басталды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Өзбекстанда Орталық Азияның рухани мұралары жайлы халықаралық конгресс өтіп жатыр
Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

Ауқымды іс-шараға көршілес елдерден 1 мыңнан астам делегат келді. Халықаралық конгресс Өзбекстан астанасында жаңадан ашылған Ислам өркениеті орталығында өтіп жатыр.

Қазақстанның ұлттық академиялық кітапханасы аталған орталыққа 60-тан астам кітапты сыйға тартты. Туындылардың дені Абай шығармалары мен қазақ тарихына арналған. 

– Барлық кітапханамен өзара туынды алмасу бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз. Бүгінге дейін 40 астам меморандумға қол қойдық. Сондай-ақ электорондық форматты да дамыту үстіндеміз, - деді іс-шараға қатысқан ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының директоры Күміс Сейітова. 

Өзбекстанда Орталық Азияның рухани мұралары жайлы халықаралық конгресс өтіп жатыр
Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

Бүгінде әлеуметтік желілерде тарихты бұрмалау арқылы ұлттың беделіне нұқсан келтіретін жалған ақпараттар көбейді. Тарихшылардың бұған қатысты пікірі ортақ. Әрбір оқиға ғылыми негіздемеге сүйене отырып, шынайы баяндалуы тиіс. 

– Осы бағыттағы артық әңгімелерге тыйым салу қажет. Жалпы, кәсіби тарихшылар арасында мұндай бұрмалау жоқ. Дегенмен кейбір азаматтар тобы осындай дүниелермен айналысып жатыр, - деді конгресс аясында БАҚ өкілдеріне сұхбат берген тарих ғылымының докторы Бүркіт Аяған.

Конгресс жұмысы 4 күнге жалғасады. Оның барысында Орталық Азия және Әзербайжанның мәдениет пен өнер майталмандары, ғалымдары мен тарихшылары өзара пікір алмасып, ортақ ұсыныстар әзірлейді.

Қоса кетейік, таяуда Мұстафа Шоқай жайлы кітап өзбек тілінде жарық көрді.

Соңғы жаңалықтар