Өзбекстанда цемент зауыттарын салуға тыйым салынбақ
ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Өзбекстанда цемент зауыттарын салуға мораторий жариялануы мүмкін. Бұл туралы Олий Мәжілістің заң шығару палатасында баяндама жасаған Өзбекстан Экология, қоршаған ортаны қорғау және климаттың өзгеруі министрі Азиз Абдухакимов мәлім етті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі Әлихан Асқар.
Ведомство басшысының айтуынша, бүгінге дейін салынған 47 зауыттың 23-і жұмысын тоқтатты. 25 кәсіпорынның жұмысын зерделеу барысында олардың 90%-ы экологиялық талаптарды бұзғаны анықталған.
Осыған байланысты Өзбекстан үкіметі цемент зауыттарын салуға мораторий жариялауды жоспарлап отыр. Азиз Абдухакимов атап өткендей, кейбір кәсіпорындар туризмді дамытуға қолайлы таулы аймақтарда орналасқан.
«Біз бірнеше фактілерді зерттеп көрдік. Жеке өзім цемент зауыты орналасқан Жизақ облысының Зафарабад ауданына бардым. Онда ағаштар мен оның айналасындағы 5-10 шақырым аумақты шаң басқан. Бұл өсімдіктер мен жануарлар әлеміне залал келіп жатқанын айғақтайды. Мұнымен қатар қазіргі заңнамаға да талдау жасап көрдік. Бүгінде осындай олқылықтар үшін зауыттарға тек 100-200 млн сум (3,6-7,2 млн теңге) айыппұл қарастырылған», - деді министр.
Азиз Абдухакимов кәсіпорындарды заманауи шаң-газ сүзгілерін орнатуға мәжбүрлеу үшін айыппұл мөлшерін ең кемі 10 млрд сум (362 млн теңге) көлемінде белгілеу жоспарланғанын айтты.
«Өзбекстандағы цемент зауыттары қазіргі қажеттіліктен бірнеше есе көп көлемде өнім өндіріп жатыр. Бұл мәселе премьер-министр бастаған үкімет отырысында талқыланды. Онда бұдан былай жаңа цемент зауыттарының құрылысы болмайды деген шешім қабылданды. Бәлкім мораторий жарияланады», - деді Азиз Абдухакимов.
Еске салайық, Өзбекстанда ауа сапасы нашарлағанда кәсіпорындардың жұмыс уақыты шектелуі мүмкін екенін хабарлаған болатынбыз.
Сонымен қоса, бұған дейін экологиялық ахуалды жақсарту үшін Өзбекстан астанасында автокөліктерге қатысты бірқатар шектеу енгізу ұсынылғанын жазып едік. Атап айтқанда, АИ-80 жанармайын пайдалануға тыйым салу, 2010 жылға дейін шығарылған барлық автокөлік құралдарының қозғалысына шектеу қою және көмір мен мазутты пайдаланудан бас тарту ұсынылды.