Өзбекстандағы парламент сайлауында мерзімінен бұрын дауыс беру мерзімі бекітілді
ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Парламент сайлауы күні түрлі себептерге байланысты тұрғылықты жерінде бола алмайтын өзбекстандықтар үшін мерзімінен бұрын дауыс беру 16-23 қазан аралығында ұйымдастырылады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі Әлихан Асқар.
Өзбекстанның Орталық сайлау комиссиясы қабылдаған тиісті қаулыға сай, сайлау учаскелерінде мерзімінен бұрын дауыс беру жұмыс күндері сағат 9:00-ден 18:00-ге дейін және демалыс күндері сағат 11:00-ден 17:00-ге дейін жүргізіледі.
Сонымен қатар, ӨР Орталық сайлау комиссиясының отырысында мүгедектігі бар адамдардың сайлауға қатысуына қажетті жағдай жасау мәселелері де қаралды.
27 қазанда өтетін парламент сайлауында Заң шығару палатасына мүгедектігі бар – 11, жергілікті кенгаштарға 605 кандидат тіркелді.
Сайлау комиссияларында 1343 мүгедек адам жұмыс істейді. Дауыс беру күні 830 мыңнан астам мүгедектігі бар сайлаушыға жеке ерікті бекітіледі.
Еске салайық, бұған дейін Өзбекстанның Орталық сайлау комиссиясы парламент және жергілікті кенгаш депутаттарының сайлауын 27 қазанда өткізу туралы шешім қабылдаған еді.
Сондай-ақ, Өзбекстандағы биылғы парламент сайлауы аралас жүйе негізінде өтеді.