Өзбекстандық делегация Оралдағы тәлімбақта киік өсіру тәжірибесімен танысты
ОРАЛ. KAZINFORM – Өзбекстан Республикасы Экология, қоршаған ортаны қорғау және климаттың өзгеруі министрлігінің өкілдері Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде жұмыс сапарымен болды.

Аталған министрлікке қарасты Орман шаруашылығы, биоалуантүрлілік және экотуризм саласындағы саясатты іске асыру департаментінің басшысы Бахром Холхужаев пен Ормандарды және ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды дамыту және шөлейттенуге қарсы күрес басқармасының бас маманы Сарвар Ахмедовті университеттің ғылым жөніндегі проректоры Әлжан Шәмшідін қабылдады.

Бұдан соң меймандар білім ордасының ғалымдарымен бірге қала шетіндегі университетке қарасты «Ақбөкен» тәлімбағына барып, қолға үйретілген дала жануарларын көздерімен көріп, ондағы жұмыс барысымен танысты.
Бахром Холхужаевтың сөзіне қарағанда, Өзбекстан үкіметі тарапынан Қарақалпақстан Республикасы аумағында киіктердің санын көбейту бойынша міндет қойылған. Осы мақсатта биыл арнайы жұмыс тобы құрылды. Алдымен Қарақалпақстан жеріндегі жергілікті жағдай, ондағы қорықтар мен тәлімбақтардың жай-күйі зерттелген.

- Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетіне алғаш рет келіп, киіктерді тәлімбақта ұстау тәжірибесімен таныстық. Қарақалпақстан жерінде осындай тәлімбақ құру жоспарымызда бар. Бізде әзірге мұндай тәжірибе жоқ. Өзбекстанға киіктер табиғи жолмен өздері қоныстанып жатыр. Соңғы мәліметтерге сүйенсек, бізде республика бойынша шамамен 300-дей киік бар. Олардың санын көбейтуге ден қоюдамыз. Осы бағытта Қазақстан тарапынан экологиялық дәліз құру туралы мәселе көтерілді. Мұны да алдағы уақытта жан-жақты талқылайтын боламыз, – деді Өзбекстан Экология, қоршаған ортаны қорғау және климаттың өзгеруі министрлігінің өкілі Б.Холхужаев.
Жәңгір хан университетінің ғылым жөніндегі проректоры Әлжан Смайылұлының айтуынша, бұл жобаға бұған дейін Әзербайжан мен Қытай елдері де қызығушылық танытқан. Ал Өзбекстан мемлекетіне жасаған ғылыми сапары барысында ондағы мамандар БҚАТУ-дың осы тәжірибесіне ерекше назар аударған екен.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақ ғалымдарының киікті арнайы тәлімбақта өсіріп, зерттеп жатқанын жазған едік.