Өзбекстанға Шешенстан, Бурятия және Чуваш республикаларының басшылары келді
ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Өзбекстан премьер-министрі Абдулла Арипов Владимир Путиннің мемлекеттік сапары аясында Ташкентке келген Ресей тарапының өкілдерімен бірқатар кездесулер өткізді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі Әлихан Асқар.

Ресей мен Өзбекстан өңірлері кеңесінің алғашқы отырысына қатысу үшін Ташкентке РФ Шешенстан Республикасының басшысы Рамзан Кадыров келді. Онымен кездескен Абдулла Арипов екі ел арасындағы серіктестіктің стратегиялық маңызын сөз етті.

«Біздің халықтар бұрыннан бір-біріне бауыр ретінде қарайды. Басқаша болуы мүмкін емес. Мен Владимир Путин және Шавкат Мирзиёевтің басшылығымен өтетін Ресей мен Өзбекстан өңірлері кеңесінің отырысы елдер арасындағы әріптестік пен достықты одан әрі дамытуға серпін беретініне сенім білдіремін», - деп жазды Рамзан Кадыров өзінің Telegram арнасында.


Сонымен қатар Өзбекстанның премьер-министрі РФ Бурятия Республикасының басшысы Алексей Цыденовпен кездесіп, түрлі саладағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады. А.Цыденов Абдулла Ариповқа Бурятияның өнеркәсіптік мүмкіндіктері, Улан-удэ авиакомпаниясында шығарылатын авиациялық техникалар желісі туралы ақпараттармен бөлісті.

Бұған қоса, Өзбекстан премьер-министрі РФ Чуваш Республикасының басшысы Олег Николаевпен де келіссөз жүргізді. Оның аясында жыл сайын республикалардың ынтымақтастығы нығайып келе жатқанына және сауда айналымының артқанына ерекше назар аударылды.
Одан кейін Абдулла Ариповпен жүздескен Астрахан облысының губернаторы Игорь Бабушкин өңірдің транзиттік мүмкіндіктерін тиімді пайдалануды ұсынды.
Ал Пермь өлкесінің губернаторы Дмитрий Махонинмен болған кездесу қорытындысына сай, ресейлік делегацияның Бұхара мен Қашқадария облысына бизнес-миссиямен баруы туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Мұнымен қатар, тараптар Пермь өлкесі мен Өзбекстанның Энергетика министрлігі арасындағы өнеркәсіптік кооперация бойынша жол картасын пысықтауға ниетті.
Айта кетсек, кеше Ресей президенті Владимир Путин мемлекеттік сапармен Өзбекстанға келді.