Өзбекстанның сыртқы қарызы 64 млрд доллардан асты

ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Былтыр Өзбекстанның жалпы мемлекеттік сыртқы қарызы 10,8 млрд долларға өсіп, 64,1 млрд долларға жетті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Өзбекстан туы
Фото: Pexels.com

Орталық банктің мәліметіне сай, қарыз сомасы елдің ішкі жалпы өнім көлемінің 55,7 пайызына теңелді. Оның ішінде 33,9 млрд доллар мемлекеттің сыртқы қарызы болса, 30,2 млрд доллар сыртқы корпоративтік берешек саналады.

Айта кетейік, 2023 жылы Өзбекстанның сыртқы қарызы 29,7 млрд доллар, ал корпоративтік берешек 23,6 млрд доллар болған еді.

Еске салсақ, былтыр 9 айдың қорытындысы бойынша Өзбекстанның жалпы мемлекеттік қарызы 60,2 млрд долларға жеткенін жазып едік.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Өзбекстан үкіметі жемқорлықпен күрес үшін мемлекеттік сатып алу жүйесіне жасанды интеллектіні енгізбек.

Соңғы жаңалықтар