Өзбекстанның тарихи матчы: Ташкент жанкүйерлері қалай қолдау көрсетіп жатыр
ТАШКЕНТ. KAZINFORM — Өзбекстанның Әлем чемпионатындағы алғашқы матчы басталды. Колумбияға қарсы алаңға шыққан көршілес мемлекеттің құрамасына қолдау көрсету үшін елдің әр өңірінде ұйымдастырылған матч тамашалау алаңдарына жанкүйерлер жиналды.
Осы орайда, Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі де жергілікті тұрғындармен бірге өзбек аяқдопшыларының өнеріне куә болып, спортшыларды қолдай келгендермен тілдесті.
Ташкентте арнайы ұйымдастырылған 13 жерде матч көрсетіліп жатыр. Олардың ішінде ең үлкені — «Бунёдкор» стадионы. Онда қазіргі уақытта 10 мыңға жуық жанкүйер өзбек футболшыларының өнерін тамашалап, қолдау көрсетіп отыр.
Жанкүйерлерге арналған тағы бір ірі орын Жеңіс саябағында орналасқан. Мұнда жергілікті тұрғындармен қатар, шетелдік туристер де жиналды.
Адамдар күнделікті қарбалас тіршілікті бір сәтке ұмытып, матчты аса жоғары қызығушылықпен тамашалап отыр. Оның үстіне бүгін барлық мемлекеттік органның қызметкері жұмысын әдеттегіден кеш бастайды. Кеше ел президенті Шавкат Мирзиёев тарихи оқиғаға куәгер болуға асық азаматтардың мекемедегі ісіне сағат 9:00–де емес, 10:00–де кірісуіне рұқсат берді.
Жеңіс саябағына жиналғандардың жүзінен риясыз қуаныш аңғарылып, кеудесін мақтаныш сезімі кернеп тұр. Ел құрамасының қақпасына қарай бағытталған әр соққы кезінде жанкүйерлер тым-тырыс қалып, қауіпті мезеттен өткеннен кейін Ташкент көшелерін кернейдің әсем әуезіне бөлеп жатыр.
Жанкүйерлер ойын тамашалаумен қатар, шағын үзілістерді тиімді пайдаланып, БАҚ өкілдеріне сұхбат беріп үлгеріп жатыр. Джамшид Установтың айтуынша, Өзбекстан құрамасының тұңғыш рет Әлем чемпионатында өнер көрсетуі тарихи жетістік.
— Біздің еліміздің споршылары ең үздік нәтижеге қол жеткізді. Алғаш рет Әлем чемпионатында ойын көрсетіп жатыр. Біз ұлттық құраманың жанкүйері ретінде жеңіс тілейміз. Әр қауіпті шабуыл — эмоцияға толы сәттер. Мен ел спортшыларын мақтан тұтамын, олар жастарға үлгі, — деді жанкүйер.
Ал матчты тамашалап отырған Шухрат Олимов атап өткендей, өзбек футболшылары ел намысын бәрінен биік қойып, сәтті өнер көрсетіп жатыр. Оның сөзінше, әр спортшының көзінде жалын, жүрегінде жеңіске деген ұмтылыс тұрғаны экранның арғы жағынан сезіледі.
— Бүгін достарымызбен бірге Жеңіс саябағына келіп, матч көріп отырмыз. Көңіл-күй көтеріңкі, дегенмен іште қобалжу бар. Әрине, Өзбекстан құрамасының жеңіске жеткенін қалаймыз. Олар біздің еліміздің абыройы. Ол үшін спортшылардың ерік-жігері жетеді деп сенемін, — деп пікір білдірді ол.
Байқағанымыздай, жанкүйерлер алаңындағы көңіл-күй де сан түрлі. Бірі қуаныштан көз жасына ерік берсе, енді бірі мемлекеттік туды биік көтеріп, ән шырқап жатты. Жиналғандар бір-бірін танымаса да, өзбек футболшыларының әр шабуылы кезінде олар қол алысып, құшақтап, арқасынан қағып, бір-біріне бүкпесіз эмоция сыйлап отыр.
Әзірге ойын есебі — 0:1. Колумбия құрамасының қоржынында 1 ұпай бар.
Еске салайық, Әлем чемпионатының топтық кезеңінің екінші турында Өзбекстан құрамасы Португалиямен кездеседі. Матч 23 маусымда АҚШ-тың Хьюстон қаласындағы «NRG» стадионында өтеді. Ойын Астана уақытымен сағат 22:00–де басталады.
Бұған дейін Өзбекстан футболдан әлем чемпионатының коллекциялық монетасын шығаратынын жазғанбыз.