Өзің тұрып жатқан елдің тілін меңгеру, салт-дәстүрін құрметтеу - әркімнің азаматтық борышы - К. Төлеубай
АНА. Қазанның 27-сі. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - Кеше Астана қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясының ХV сессиясы болып өтті. Осы сессияның жұмысына келген делегаттың бірі - Ақтөбе облыстық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы Кемейдолла Төлеубай.
Ол ҚазАқпарат тілшісіне сұхбат беріп, өз ойларын ортаға салды.
- Қазақстан халқы Ассамблеясының ХV сессиясына қандай ойлармен келдіңіз? Кеше Парламент депутаттарымен жүздестіңіз. Депутаттарға айтатын қандай уәжіңіз бар?
- Ақтөбе облыстық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы болып істеп жатқаныма жиырма жыл толды. Қазақстан халқы Ассамблеясының ашылған кезінен бері, алғашқы форумынан бастап қатысып келе жатырмын. 1995 жылы қабылданғанға дейін Конституцияның жалпы халықтық талқылауына қатыстым. Ата заңымыздың 7-бабының 1-тармағы «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттiк тiл - қазақ тiлi» деп жазылған. Бұл - бұлжымайтын заң. 3-тармағында «Мемлекет Қазақстан халқының тiлдерiн үйрену мен дамыту үшiн жағдай туғызуға қамқорлық жасайды» деген. Ол да өте орынды. Ал осы баптың 2-тармағында «Мемлекеттiк ұйымдарда және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында орыс тiлi ресми түрде қазақ тiлiмен тең қолданылады» деген норма бар. Менің бір пікірім бар, қазақ тілі орыс тілімен тең қолданылады, дегенді желеу етіп, көптеген басшылар, билік басындағылар мемлекеттік тілді шеттетіп жүр. Айталық, министр не бір басшы бір сағат бойы баяндама жасап, бастан-аяқ орысша сөйлейді. Сонда екі тіл де тең қолданылады деген норма қайда қалады? Біз қазір тең қолдануға жете алмай отырмыз. Мен сондықтан алдағы уақытта Ата заңға өзгерістер енгізілсе, 7-баптың 2-тармағын алып тастаған жөн, деп ойлаймын. Одан ешкім де зардап шекпейді, ешкімнің құқығы бұзылмайды.
Менің білуімше, Парламентте Әкім Ысқақтың бірінші шақырылымда дайындаған «Көші-қон туралы» заң ғана мемлекеттік тілде жазылған. Одан кейін қазақ тілінде заң жобасын жаздым деген депутатты естіген жоқпын. Орыс тілінде дайындалады да, қазақ тіліне аударылады. Осылай жасалғаны заңдардың әрбір сөйлемінен, баптар мен тармақтарындағы орашолақ сөз қолданыстарынан-ақ көрініп тұр. Мен депутаттармен өткен жүздесуде осы мәселені көтердім.
«Мемлекеттік тіл туралы» заңның жобасын ұсынғанымызға бір жарым жыл болды, ол әлі Парламентке келіп түспепті. Мемлекеттік тілді жүзеге асыру үшін арнайы заң қабылдануы керек.
- Сіздің нақты ұсыныстарыңыз қандай?
- «Мемлекеттік тіл туралы» заң қабылдануы қажет. Бұл тек қазақ халқына қажет дүние деп түсінбеу керек. Ондай заң осы елде тұрып жатқан өзге ұлттар мен ұлыстардың мемлекеттік тілді меңгеруіне жол ашатын болады. Екіншіден, мемлекеттік қызметте жүргендер мемлекеттік тілді білуі тиіс. Сонымен қатар халыққа қызмет көрсету орындарының қызметшілері де мемлекеттік тілде жауап бере алатын болуы қажет.
- Қазақстан халқы Ассамблеясы аясында мемлекеттік тілді дамыту мақсатында қандай іс-шаралар атқарылғаны жөн деп есептейсіз?
- Міне, бұл тұста мемлекеттік тілді дамыту үшін Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлі өте зор. Мұны кешегі сөзінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та «Енді Қазақстан халқы Ассамблеясы ел халқының мемлекеттік тілді меңгеруінің жалпыұлттық үдерісіне басшылық жасауы керек», деп атап өтті. Барлық өңірлердегі этно-мәдени бірлестіктер мемлекеттік тілді дамытуға үлес қосса, ауқымды істер атқарылатыны сөзсіз. Әр орталық өз ұлтының өкіліне қазақ тілін білуге ықпал етсе, іс алға басады. Өзің тұрып жатқан елдің тілін меңгеру, салт-дәстүрін құрметтеу - тұрғындардың азаматтық борышы. Қазақстан азаматтары осы істе біріге білсе, ынтымағымыз жарасымын тауып, сыйластығымыз арта түсетініне кәміл сенемін.
- Рақмет әңгімеңізге.
ҚХА .