Пәкістан армиясы содырларға қарсы 40 мыңнан астам операция жүргізді
АСТАНА. KAZINFORM – Пәкістанда биыл содырларға қарсы 40 мыңнан астам арнайы операция жүргізіліп, 2 084 содырдың көзі жойылды. Бұл туралы Anadolu агенттігі хабарлады.
Пәкістан армиясының мәліметінше, қауіпсіздік күштері жыл басынан бері ел аумағында 40 мыңнан астам операция өткізген.
Business Insider басылымының хабарлауынша, бұл туралы Пәкістан армиясының қоғаммен байланыс басқармасының бас директоры, генерал-лейтенант Ахмед Шериф Чаудри баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
Оның айтуынша, содыр топтарға қарсы күрес алдағы уақытта да жалғасады.
Ахмед Шериф Чаудри Белуджистан провинциясындағы қауіпсіздік жағдайына қатысты «жағымсыз пікірлерді жоққа шығарып», армия мен үкімет өңірдің дамуына бағытталған жобаларды бірлесіп жүзеге асырып жатқанын, олардың жергілікті халыққа пайда әкелетінін айтты.
Биыл ел бойынша содырлар жасаған 3 мыңнан астам қарулы шабуыл салдарынан бүгінгі күнге дейін 819 адам қаза тапқан. Олардың 303-і әскери қызметкер, 194-і полиция қызметкері, ал 322-сі бейбіт тұрғын.
Басылымның мәліметінше, Пәкістандағы қарулы шабуылдардың басым бөлігі Ауғанстанмен шектесетін Хайбер-Пахтунхва және Белуджистан провинцияларында болады.
Бұл екі өңірде пуштундар мен белудждердің құқықтарын қорғаймыз деп мәлімдейтін қарулы топтар Пәкістанның қауіпсіздік күштері мен бейбіт тұрғындарға шабуыл жасап келеді.
Исламабад «Пәкістан Талибан қозғалысы» (ТТП) Ауғанстан аумағында орналасып, шабуылдарды сол жерден ұйымдастырады деп мәлімдейді. Алайда Ауғанстан билігі бұл айыптауларды жоққа шығарады.
Белуджистанда негізінен «Белуджистанды азат ету армиясының» (БӘА) шабуылдары жиілеген. Бұл ұйым Белуджистан провинциясын Пәкістан құрамынан бөліп шығарып, өңірді белудж халқының басқаруына беруді көздейді.
Еске сала кетсек, бұған дейін Пәкістан мен Ауғанстан шекарасында 29 содыр көз жұмғаны хабарланды.