Пәкістан мен Ауғанстан шекарасында 29 содыр көз жұмды

АСТАНА. KAZINFORM — Пәкістанның қауіпсіздік күштері 28 маусымда Ауғанстанмен шекаралас Хайбер-Пахтунхва провинциясында құрлықтағы арнайы операция жүргізіп, 29 содырдың көзін жойды. Бұл туралы Пәкістанның ақпарат және телерадио хабарларын тарату министрі Аттаулла Тарар мәлімдеді, деп хабарлайды ТАСС.

Пәкістан Ауғанстанмен шекарада 29 содырдың көзін жойды
Фото: Anadolu

— Қауіпсіздік күштері Пәкістан–Ауғанстан шекарасы бойында барлау мәліметтері негізінде мұқият жоспарланған құрлықтағы операция жүргізді. Одан кейін шекара маңындағы «Джамаат-уль-Ахрар» және «Фитна әл-Хаваридж» топтарының жасырын базалары мен лагерьлеріне дәлме-дәл соққылар жасалып, нәтижесінде 29 содырдың көзі жойылды, — деп жазды Тарар Х әлеуметтік желісіндегі парақшасында.

Құрлықтағы операция барысында Пәкістан–Ауғанстан шекарасы бойындағы аталған топтардың үш нысанасына шабуыл жасалып, қару-жарақ пен оқ-дәрі қоймалары жойылды.

Министр Пәкістанның терроризмге қарсы операциялары ел қауіпсіздігіне сырттан төнетін әрі шетелден қолдау көретін кез келген қатерді жою мақсатында толық қарқынмен жалғасатынын атап өтті.

Ислам республикасы Қарулы күштерінің қоғаммен байланыс жөніндегі ведомствоаралық басқармасының мәліметінше, қауіпсіздік күштері былтыр 2 597 содырдың көзін жойған.

Осы кезеңде Пәкістан аумағында 5 397 террористік шабуыл тіркеліп, салдарынан 1 235 адам қаза тапты. Лаңкестік әрекеттердің 70 пайыздан астамы Хайбер-Пахтунхва провинциясында, ал шамамен 29 пайызы елдің оңтүстік-батысындағы Белуджистан провинциясында болған. Екі өңірдің де Ауғанстанмен ұзақ шекарасы бар. Пәкістан билігінің мәліметінше, дәл осы ел аумағында террористік топтардың лагерьлері орналасқан.