Пәкістанда сауда орталығында болған өрт салдарынан 6 адам қаза тапты

АСТАНА. KAZINFORM — Пәкістанның Карачи қаласындағы сауда орталығында шыққан өрт салдарынан алты адам қаза тауып, өрт сөндірушілер отты әлі де сөндіріп жатыр. 30-ға жуық адам табылмай жатыр, деп хабарлайды ВВС.

Пәкістан, өрт
Фото: Видеодан алынған кадр

1200 дүкен орналасқан және 8000 шаршы метр аумақты қамтитын Gul Plaza сауда орталығының бір бөлігі қираған, бұл құқық қорғау органдары қызметкерлерінің айтуынша, құтқару жұмыстарын қиындатып отыр.

Қаза тапқандар арасында бір өрт сөндіруші бар, 20-дан астам адам жарақат алған, ал кейбір адамдар әлі де көп қабатты сауда орталығының ішінде қалып қойды деген күдік бар.

Жергілікті төтенше жағдай қызметтері хабарлағандай, сенбі күні құтқарушылар келгенде өрт бірінші қабаттан жоғары қабаттарға таралып, ғимараттың басым бөлігі жалынға оранған.

Полицейлердің жоғары лауазымды өкілі BBC-ге берген сұхбатында, өрт әлі де жалғасып жатқандықтан, ғимарат ішінде денелерді іздеу мүмкін болмағанын айтты.

Отбасы мүшелерінің хабарламалары бойынша, 30-дан астам адам хабар-ошарсыз жоғалған деп тіркелген, ал олардың туыстары қираған ғимарат қалдықтарының жанында үмітпен күтіп отыр. Қала әкімшілігі хабар-ошарсыз кеткендердің тізімін тіркеу пунктін ұйымдастырды.

Жексенбі таңертең Gul Plaza ғимаратынан әлі де түтін бықсып тұрды. Ғимараттың көп бөлігі қирап қалған, сондай-ақ түгелдей қирауы мүмкін деген қауіп бар.

Карачи қаласындағы 1122 құтқару қызметінің өкілі Хасан Хан BBC Urdu-ге хабарлағандай, сауда орталығында полистирол, маталар, кілемдер, парфюмерия сияқты тез тұтанатын материалдар сақталған.

Айта кетейік, кеше Маңғыстауда өрт сөндіру көлігі тұрғын үйге соғылып, екі адам қаза тапты

Ал Жаңа жыл мерекесі түні Швейцариядағы Кран-Монтана элиталық курортында 40 адам қаза тауып, 100-ден астамы күйік жарақатын алған алапат өрт болды.

Соңғы жаңалықтар