Палау орталығындағы өртке қатысты соттың қашан басталатыны белгілі болды

АСТАНА. KAZINFORM — «Центр плова Loft» кафесінде болған және 12 адамның өмірін қиған қайғылы өртке қатысты қылмыстық істің қашан қаралатыны белгілі болды.

Палау орталығындағы өртке қатысты соттың қашан басталатыны белгілі болды
Фото: Оксана Матасова\Kazinform

Ақмола облыстық сотының баспасөз қызметі іс бойынша алғашқы сот отырысының 2026 жылдың 25 маусымына Бурабай аудандық сотында белгіленгенін хабарлады.

Еске сала кетсек, ақпанның 26-сынан 27-сіне қараған түні Щучинск қаласындағы кафелердің бірінде газ баллоны жарылған болатын. Алғашында алты адамның қаза тапқаны айтылған еді. Кейіннен олардың саны тоғызға жетті. Ал уақыт өте келе жансақтау бөлімінде жатқан тағы екі адам көз жұмды.

Сонымен қатар Щучинскідегі жарылыс пен өрттен зардап шеккен бес адамның Астанаға жөнелтілгені туралы хабарланған болатын.

Олардың төртеуі Астана қаласындағы Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығына ұшақпен, ал тағы біреуі жедел жәрдем көлігімен жеткізілді.

Кейіннен бұл ауруханада тағы бір зардап шеккен адам көз жұмды. Осылайша «Палау орталығы» дәмханасындағы өрттен қаза тапқандардың жалпы саны 12 адамға жетті.

Осы жарылысқа байланысты қылмыстық іс қозғалды.

Көп ұзамай «Палау орталығы» дәмханасының иесі ұсталғаны белгілі болды. 4 наурызда ол екі айға қамауға алынды.

Бұдан кейін дәмхана иесінің қамауда ұстау мерзімі ұзартылғаны белгілі болды.

Соңғы мәліметтер бойынша «Палау орталығы» ісіне қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары аяқталып, материалдар сотқа жолданған еді.