Ақмола облысында «Палау орталығы» кафесінің иесі ұсталды
АСТАНА.KAZINFORM - Қылмыстық істі тергеу барысы ҚР Бас прокуратурасының бақылауына алынды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.
Ақмола облыстық прокуратурасының мәліметінше, Щучинск қаласындағы «Палау орталығы» кафесінде болған өртке байланысты Қылмыстық кодекстің 292-бабының 3-бөлігі – «Абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу» бойынша қылмыстық іс қозғалды.
- Қылмыстық істі арнайы прокурорлар тергеп жатыр. 2026 жылдың 2 наурызында «Палау орталығы» кафесінің иесі Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 128-бабы бойынша ұсталды. Қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр, - деп қосты ведомство.
Тергеуді Бас прокуратура өз бақылауына алды. Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабының 1-бөлігіне сәйкес басқа ақпарат құпия болып табылады.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Щучинскідегі кафеде газ жарылысынан алты адам қаза тапқаны туралы хабарланған болатын.
Кейінірек қаза тапқандар саны жетіге жетті.
Артынша бес науқастың Астанаға ауыстырылғаны туралы хабарланды.
Қазіргі уақытта төрт науқас Авиценна-Бурабай ауруханасының жансақтау бөлімінде, ал тағы төрт науқас Ақмола облыстық көпсалалы ауруханасының жансақтау бөлімінде жатыр. Дәрігерлер әлеуметтік желілерде тараған Щучинскідегі «Палау орталығы» кафесіндегі өрттен зардап шеккендерге шұғыл түрде қан қажет екендігі туралы ақпаратты жоққа шығарды.