Палестинаны мойындау: соңғы өзгерістер мен қазіргі ахуал қандай
АСТАНА. KAZINFORM – Кейінгі күндері бірқатар Батыс елдері Палестинаны ресми түрде мойындап жатыр. Бұл – соңғы ондаған жылдардағы ең ауқымды қолдау толқыны болды, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-сессиясында Франция, Люксембург, Мальта, Монако, Андорра, Сан-Марино және Бельгия Палестина мемлекетін ресми түрде таныды.
Бұған дейін Канада, Австралия, Португалия және Ұлыбритания осындай шешім қабылдаған еді.

Палестинаны неше ел мойындады?
Қазіргі таңда Палестинаны БҰҰ-ға мүше 193 мемлекеттің шамамен 160-ы мойындап отыр. Бұл әлем елдерінің 81 пайызына тең.
Сонымен бірге, Католик шіркеуінің жоғарғы органы – Қасиетті тақ пен Ватикан да Палестинаны егемен ел ретінде таныды. Ватикан БҰҰ жанында бақылаушы ел мәртебесіне ие.
Палестинаның тәуелсіздігін алғаш рет 1988 жылғы 15 қарашада Алжирде Палестинаны Азат ету ұйымының төрағасы Ясир Арафат жариялады. Алжир алғашқы болып бұл мемлекетті мойындады. Кейін Африка, Азия, Латын Америкасы және араб елдері ресми тану жөнінде шешім қабылдады.

Ұлыбритания және тарихи контекст
Ұлыбританияның қадамы ерекше назар аудартады. Ұлыбритания Палестинада «еврей халқының ұлттық үйін» құруға негіз болған Бальфур декларациясынан кейін 100 жылдан астам уақыт өткен соң және Израиль мемлекеті құрылғаннан кейін 77 жылдан кейін Палестинаны мойындап отыр. Бұрын бұл аумақтар Британия мандатында болғаны тарихтан белгілі.
— Жақындап келе жатқан Таяу Шығыстағы қасіреттің алдында біз бейбітшілікке мүмкіндік қалдыру үшін және екі мемлекет құру негізіндегі шешімді сақтау мақсатында әрекет етеміз, — деді ел премьер-министрі Кир Стармер.
Today marked a historic day, a new chapter in the Palestinian struggle for freedom and sovereignty, and a first step towards correcting past injustices.
— Palestine in the UK (@PalMissionUK) September 22, 2025
The team at the Embassy of the State of #Palestine and H.E. Ambassador @hzomlot would like to thank you for joining us today… pic.twitter.com/NBWfv0tQFi
Палестинаны тану не береді?
Al Jazeera арнасының бағалауынша, мұндай шешім Палестинаның халықаралық субъектілігін күшейтіп, елге толыққанды елшіліктер ашуға, сауда келісімдерін жасауға, халықаралық ұйымдарда қолдау табуға, сондай-ақ Халықаралық қылмыстық сотқа жүгінуге мүмкіндік береді.
Дегенмен сарапшылардың айтуынша, өзге мемлекеттердің тануы әскери іс-қимылды тоқтатпайды әрі Израильдің оккупациясын бірден жоя алмайды.
— Бұл ақырғы нүкте емес, бастапқы аялдама ғана, — деп атап өттіMediation Group International директорыМартин Гриффитс.
Оның сөзінше, үкіметтер гуманитарлық көмекті қолдау, блокаданы жеңілдету және палестиналық институттарды «басқаруға жарамды» ету үшін реформалауды жалғастыруы керек.
“Statehood for the Palestinians is a right, not a reward.”
— United Nations (@UN) September 22, 2025
At #UNGA, @antonioguterres calls on world leaders to ensure the two-State solution prevails for the people of Israel, Palestine and all of humanity.https://t.co/9cqvyO5mBF pic.twitter.com/U3eAuh1tkZ
Израиль мен АҚШ
Израиль бұл қадамды қатаң сынға алды. Елдің БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі Дэнни Данон саммитті «цирк» деп атап, мұндай тану «терроризмді марапаттау» деді. Премьер-министр Биньямин Нетаньяху да «палестиналық мемлекет ешқашан құрылмайды» деп мәлімдеді.
Prime Minister Benjamin Netanyahu:
— Prime Minister of Israel (@IsraeliPM) September 21, 2025
"I have a clear message to those leaders who are recognizing a Palestinian state after the horrendous October 7 massacre: You are rewarding terror with an enormous prize.https://t.co/4YmFyzC68S
АҚШ дәстүрлі ұстанымын сақтап отыр. Вашингтон Палестинаны БҰҰ-ның толыққанды мүшесі етіп қабылдауға бағытталған бастамаларға түгел тосқауыл қойып келеді.
Вашингтон Палестинаны тек Израильмен келіссөздер арқылы «екі мемлекет» шешімі жүзеге асқан жағдайда ғана мойындайтынын бірнеше рет мәлімдеген.
Осы уақытқа дейін Еуропаның ірі державалары да осындай ұстанымда еді.
Бірақ 2014 жылдан бері осы бағытта келіссөздер жүргізілген жоқ, ал Биньямин Нетаньяху Палестина мемлекеті ешқашан құрылмайды деп мәлімдеген еді.

Былтыр Нетаньяху Иордан өзенінің батыс жағалауындағы аумақтың қауіпсіздігін Израиль бақылауы керек деген еді. Палестина мемлекетін құру үшін де дәл осы аумақ қажет.
Қазіргі уақытта Палестинаның БҰҰ-ға толық мүше болуы үшін Қауіпсіздік кеңесінің мақұлдауы қажет, ал АҚШ бұл бастаманы вето құқығы арқылы бөгеп келеді.
Неліктен кейбір елдер Палестинаны әлі мойындамай отыр?
Кей елдер Палестинаны мойындамауын бейбіт келісімнің толық болмауымен түсіндіреді. 1990-жылдары басталған бейбітшілік орнатуға бағытталған процесс 2014 жылғы Вашингтондағы сәтсіз келіссөздерге дейін-ақ тоқтап қалған еді. Негізгі даулы мәселелер – болашақ шекаралар, Иерусалимнің мәртебесі және босқындардың тағдыры.
Бұған қоса, ел ішінде саяси бөлініс сақталған: Батыс жағалауды – ФАТХ, ал Газаны – ХАМАС бақылауда ұстап отыр. 2006 жылдан бері елде сайлау өткізілген жоқ.
2023 жылғы 7 қазандағы оқиғалардан кейін халықаралық қауымдастықтың ортақ пайымы - ХАМАС Газа секторын басқармауы керек, алайда енді билікті кім алады деген сауалға жауап жоқ.
Іс жүзінде тәуелсіз ел
Бүгінде Палестинаны көп елдер мойындады, шетелдерде дипломатиялық өкілдіктері бар, халықаралық спорт жарыстарына, Олимпиада ойындарына жеке ел ретінде қатысып жүр.

Елдің әлемдегі дипломатиялық миссиялары Палестина халқының өкілі ретінде халықаралық деңгейде танылған Палестина әкімшілігіне қарайды.
Алайда Израильмен арадағы қақтығыстың салдарынан Палестинаның халықаралық деңгейде келісілген шекарасы да, астанасы да, әскері де жоқ.
Палестина әкімшілігі 1990 жылдары Осло келісіміне қол қойылғаннан кейін құрылған болатын. Оның астанасы Рамалла қаласында, президенті - Махмұд Аббас.

Палестина әкімшілігі Израильмен жасалған келісімдерге сәйкес, Израиль басып алған Батыс жағалаудың кейбір бөліктерінде ғана шектеулі өзін-өзі басқаруды жүзеге асырады. Палестина әкімшілігі өз аумағы мен халқын толық бақыламайды. Ол Палестина төлқұжаттарын береді және елдің денсаулық сақтау және білім беру жүйелерін басқарады.
2007 жылдан бастап, қысқа қарулы қақтығыстан кейін ХАМАС Махмұд Аббастың ФАТХ құрылымдарын ығыстырып, Газа секторына бақылау орнатты. Содан бері анклав ХАМАС-тың бақылауында, бірақ Палестина әкімшілігі Газадағы көптеген қызметкерлерге жалақы төлеуді жалғастырып келеді. ФАТХ пен Палестина әкімшілігінің құрылымдары әлі күнге дейін тек Батыс жағалауда билікті сақтап отыр.
Халықаралық қолдаудың жаңа кезеңі
2025 жылдың қыркүйегіне қарай Палестинаны мойындаған елдердің саны 160-қа жуықтады. Бұл жолғы қолдау толқыны халықаралық ландшафттағы өзгерістерді көрсетіп отыр: бұрын Палестинаға негізінен Азия, Африка және Латын Америкасы елдері қолдау танытса, бүгінде Еуропа және британ ықпалындағы елдер де бұл қатарға қосылды.
Сарапшылардың пікірінше, бұл тану толқыны қақтығысты шешпесе де, Израильге қысымды күшейтіп, палестиналықтарға жаңа дипломатиялық мүмкіндіктер ашып отыр. Сонымен қатар «екі мемлекет – екі халық үшін» қағидатын күн тәртібінде ұстауға септігін тигізеді.