Пандемия кезінде алаяқтарға алданғандар көбейді - Серік Шалқаров

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Облыстық полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының бастығы Серік Шалқаров ҚазАқпарат тілшісіне криминогендің ахуал, интернет алаяқтары, ұрлық және мал ұрлығына қатысты сұхбат берді.

Пандемия кезінде алаяқтарға алданғандар көбейді - Серік Шалқаров

- Серік Хасенұлы, күн сайын алаяқтарға алданғандар туралы ақпарат тарап жатыр. Мұның себебі неде?

- Облыста ғана емес, республикада алаяқтық дерегінің көбеюі байқалады. Цифрландырылған қоғамда оның бағыты да өзгерді. Көзбе-көз емес, онлайн сан соқтырып кетеді. Әсіресе пандемия кезінде адамдар құрыққа түсіп қалды.

- Пандемияның кезінде интернет алаяқтары көбейді десек бола ма?

- Ия, пандемия кезінде өсті. Адамдар үйде отырды, азық-түлік, дәрі-дәрмекке тапсырыс берді. Olx.kz, kolesa.kz сайттары арқылы тауар сатып алмақ болып,

алдын ала төлем жүргізді. Сенімге кіру үшін сатушы өз куәлігін де жіберген. Кейін ақшасы да, заты да жоқ. Бізге арыз жазып, іздеу басталады. Телефон нөмірі арқылы іздейміз. Басқа облыстағы адам жеке куәлігін жоғалтқанын, алаяқтарға еш қатысы жоқ екенін айтады. Бұл қиын емес. Телефон нөмірін алған кезде бар болғаны ЖСН сұрайды. Сөйтіп тіркеледі. Қазіргі кезде бізде екі топ ұсталды. Бір адам ұсталса, 10-20 эпизодқа қатысы бар екені анықталады. Банк менеджерімен деп хабарласатындар да көп.

- Алдайтындар кімдер?

-Бұрын істі болған адамдар деп айта алмаймын. Олардың жасы 15 жастан басталуы да мүмкін. Қазір ұялы телефон бәрінде бар, интернетті қолданады.

- Кімдер жиі алданады?

- Көбіне адамдарға сеніммен қарайтын жандар алданады. Адам алдымен өзін-өзі сақтауы керек. Ақкөңіл адамдар да аңғал келеді. Қанша жерден ескерту айтсақ та тоқтам болмай тұр.

- Ал онлайн түрде несие рәсімдейтіндерді қалай тыюға болады?

- Біз әлеуметтік желі арқылы жеке куәлікті жібереміз. Бұл да дұрыс емес. Көбі солай алданады. Жеке куәлікті қалтаңызда тұрса да көшірмесі, элетронды нұсқасы алаяқтардың қолына түсуі мүмкін. Негізі онлайн несиеге алданғандар аз, көбі тауар сатып алу кезінде сан соғып қалады.

- Өз сөзіңізде ұрлыққа баратындар мен затын ұрлатып алатындар арасындағы жұмыс жайын айттыңыз...

- Бізде қалта ұрлығы көп. Тіркелген деректің 70 пайызға жуығы телефон ұрлығы. Бұрын ақша, әмиян жоғалса, қазір телефон. Биыл 220 дерек тіркелсе, соның 70-75 пайызы смартфон. Телефонның көлемі үлкен. Сөмкеге салып жүру қиын. Автобусқа мінген кезде шалбардың артқы қалтасына немесе жанқалтаға саламыз. Адам көп жерде оны бақылау қиын. Сұғанақ қолдар мұны сәтті пайдаланады. Ал іздеп табу қиын. Телефонды бірден өшіріп, imei кодын жояды. Байланыс операторлары арқылы блокқа қоюды да қолға алдық. Яғни, телефон еш қосылмайды, өзгенің қолында жарамсыз күйге түседі.

- Қалты ұрыларының фотосы автобус ішіне ілінді. Пайдасы бар ма?

- Бұл қылмысты болдырмаудың бір жолы. Ұрлықшы өзінің фотосын көрсе, жолаушылар сол адамды көрсе сақ отырады. Бұл қылмыстың өзі орташа ауыр санатқа жатады. Ұсталған адам қамалмайды. Жәбірленуші кешірім берсе, бәрі тез аяқталады. Бір айдан соң қайта ұсталса, алдыңғы ісі өтелген болып есептеледі. Бәрі үйреніп алған. Қазір екінің бірі әккі. Негізі олар қымбат, арзанына қарамайды. Қолға түскенін алады. Кейде адамдар қалтасынан түсіріп алады, тастап кетеді. Оны біреу алса, ұрлыққа жатады.

- Тағы қандай іс жиі тіркеледі?

- Мал ұрлығы. Ауылдағы ағайын малды өріске жібереді, бақташысы жоқ. Сөйтіп әрі-бері өткен адам байқап, көріп, қараусыз қалғанда айдап әкетеді. Таяуда бір топ ұсталды. Әйтеке би мен Ойыл аудандарында мал ұрлаған. Бір қиыны жәбірленушілер дер кезінде хабарласпайды. Алғашқы 10-15 күнде өздері іздеп, балгерлерге барады. Кейін арыз жазып, полиция қызметкері, әкімшілік, жәбірленуші бірігіп, жоқ іздейміз. Ауылдарды аралаймыз. Кейде сиыр жоғалып, таппайды. Бір апта өткен соң сиыр бұзауымен өзі келіп тұрады.

- Полиция қызметкері неге мал іздеп жүруі керек?

- Талап сондай. Бәлкім оны бәзбіреулер әдейі ұрлап кеткен шығар. Сол кезде біз жұмылып, дереу іздеуге кірісеміз. Қазір біз жоғалған малдың 55 пайызын тауып, иесіне қайтарып отырмыз.

- Ақтөбе облысының криминогендік ахуалы қалай?

- Криминогендік ахуал тұрақты. Аса ауыр, ауыр, орта дәрежедегі қылмысты ашу көрсеткіші жақсы. Былтыр 61,9% болса, биыл 66,5 % болып тұр. Кісі өлтіру дерегі де азайды. Көбі – ұрлық.

- Жылдар бойы ашылмай тұрған қылмыстық істер туралы айтып берсеңіз...

- Аса ауыр қылмыстар үнемі бақылауда болады. Ақпан айында Ақтөбеге ауысып келдім. Содан бері қарақшылық жасағандардың ісі ашылды. Оқиға 2017 жылы болған. Күдікті ұсталды, іс маусымда сотқа жіберілді. Бұл бір ғана мысал. Ұрлық дерегі де ашылып жатыр. Министрлік пен облыстық полиция департаменті бастығының қойған талабы осы. Бұрын жасалған істі ашуға күш жұмылдыру. Қайта қарап, зерделеу жұмысы жүргізіліп жатыр.

- Сіздің қабылдауыңызға қарапайым тұрғын қалай кіре алады?

- Қабылдаймын. Қылмыс ашылмаса, жәбірленушілер кездесуге келеді. Аудандарға барғанда да кездесеміз. Белгілі бір уақыт емес, кез келген кезде келіп, шағым айтса, тыңдаймын. Соңғы жылы онлайн болды. Кейін қайта ашылды.

- Қазір сіздің бақылауыңызда қанша іс бар?

- Қазір 32 істі бақылап отырмын. Таңнан кешке дейін саралап шығамын. Тергеушілердің жұмысын қадағалап, қажет көмекті береміз.

- Кеңесіңіз...

- Адам өз-өзіне сақ болуы керек. Мүлікті сеніп тапсыру да қате. Ағасы інісін, қызы анасын тонап кетіп жатыр. Сондықтан ешкімге сенбе дейміз. Қымбат бұйымдарды сейфте сақтаған дұрыс. Қоғам болып күреспесек, полицияның күші жетпейді. Қазіргі кезде еріктілер, штаттан тыс көмекшілер де бар. Күзет, камера болуы керек. Адам камераны көрсе сескенеді, именеді. Бұл да айғақтың бір түрі.

- Әлеуметтік желіде «полицияға хабар бермеймін, рұқсатсыз алған затты қайтар» деп бейнематериал жүктеп қояды. Олар да жазасын ала ма?

- Әлеуметтік желідегі кез келген ақпарат бақылауда. Іс болды ма, міндетті түрде тіркеледі. Абайсызда болса да қылмыс белгісі бар. Жариялы түрде болса, арыз жаздырамыз.

- Ісіңізге сәттілік тілейміз.