Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Пара волейболдан әлем чемпионаты: Қазақстан жартылай финалға жолдама алды

АСТАНА. KAZINFORM — Қытайдың Ханчжоу қаласында волейболды отырып ойнаудан әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы жартылай финалға шықты.

Пара волейболдан әлем чемпионаты: Қазақстан жартылай финалға жолдама алды
Фото: Қазақстан пара волейбол федерациясы

Қазақстандық параволейболшылар ширек финалда Руанда командасына тап келді. 

Руанда 1/8 финалда Қытай құрамасын ұтып, сенсация жасаған еді. Дегенмен Бауыржан Тахауовтың шәкірттері бәсеке тізгінін бірден өз қолына алды. 

Бірінші партияда 25:8 есебі тіркелсе, екінші сетте де қазақстандықтар айқын басымдылық танытты — 25:13. Бауыржан Сартаев, Пердебай Намұратов, Ерік Қасқабаев, Жанғали Сүйеуовтер нәтижелі ойнай білді.

Үшінші партия 25:20 есебімен аяқталды. Қорытынды есеп — 3:0, Қазақстанның пайдасында.

Осылайша, қазақстандық параволейболшылар жүлделі орын таласуға мүмкіндік алды. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық параволейболшылардың әлем чемпионатының ширек финалына шыққанын жазған едік.