Paramount vs. Netflix: Warner Bros. компаниясын сатып алу үшін күрес күшейіп келеді
АСТАНА. KAZINFORM — Paramount Skydance компаниясы Warner Bros. Discovery компаниясына 108,4 миллиард долларға жаңа ұсыныс жасады, деп хабарлайды BBC.
Америкалық Paramount компаниясы акционерлерге әр акция үшін 30 доллар ұсынып, Warner Bros. Pictures компаниясын, соның ішінде CNN және басқа да кабельдік арналарды сатып алуды көздеп отыр.
Paramount өкілдерінің айтуынша, бұл ұсыныс Netflix келісіміне «тиімді балама» болар еді, себебі акционерлер үшін жоғары баға ғана емес, реттеуші органдардың мақұлдауына жоғары мүмкіндік береді. Бағалы қағаздар және биржа комиссиясына берілген құжаттарға сәйкес, Paramount компаниясының келісім бойынша қаржылық серіктестерінің қатарында президент Дональд Трамптың күйеу баласы Джаред Кушнер бар.
Бұған дейін HBO, CNN және өзге стриминг сервистері мен студиялардың иесі Warner Bros. Discovery өзін сатуға шығаратыны хабарланған болатын. Компания активтеріне Comcast және Paramount Global қызығушылық танытқан еді.
Өткен аптада Netflix Warner Bros. киностудиясын және стримингтік желілерді 82,7 миллиард долларға сатып алатынын жариялады. Келісім WBD Discovery Global бөлімшесінің жаңа қоғамдық компанияға бөлінуінен кейін шамамен 2026 жылдың үшінші тоқсанында аяқталады делінген.